Таразда ҚР вице-премьері Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге нысандардың әзірлігін тексерді
Еске салсақ, биыл елдің барлық өңірлерінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекеленеді. 550 жыл бұрын Талас және Шу өзендері арасында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрған Жамбыл облысында маңызды шаралар өтеді. Оның ішінде - театрландырылған көрініс, «Мәңгілік Ел» республикалық ақындар айтысы, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының тұсаукесері, «Тараз - ғасырлар куәсі» көрмесі, қазақ күресінен ҚР Президентінің жүлдесіне «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өтеді.
Б.Сапарбаев өз жұмыс сапарын «Әулиеата» әуежайының жаңа терминалымен, одан соң «Қазақ хандығы» монументі орнатылатын орынмен танысудан басталды.
Сондай-ақ, ол Тәуке хан көшесіндегі (Павлодар облысы) және Жамбыл даңғылындағы (Ақтөбе облысы) көпірлерді жөндеу, тұңғыш Президент саябағы жанындағы (Атырау облысы), «Тараз» қонақ үйінің алдындағы (Маңғыстау облысы), автовокзал жанындағы (Солтүстік Қазақстан облысы) гүлзарларды абаттандыру барысымен танысты.
Сосын Б.Сапарбаев драма театр ғимаратындағы жөндеу жұмыстары, «Даңқ аллеясы» құрылысы, Қарахан баба мавзолейі жанындағы гүлзарды абаттандыру барысын қарап шықты (Қызылорда және Қостанай облыстары).
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында ол археолоиялық және реставрация жұмыстары, музей, этноорталық, «Тараз саздары» стелласы құрылысы, «Мыңбұлақ» гүлзарын абаттандыру барысымен танысты (Батыс Қазақстан облысы және Алматы қаласы).
ТарМУ-де Б.Сапарбаев облыс әкімдерінің орынбасарларымен, аудан әкімдерімен, басқарма, аумақтық департамент, оқу орындары, кәсіпорындар мен бизнес құрылымдар басшыларымен Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы Қазақ хандығының мерейтойын мерекелеуге орталық, сондай-ақ өңірлік деңгейде уақытылы дайындалуды тапсырды. Аталған іс-шараны жастарды патриоттық тәрбиелеу және мемлекеттілікті нығайту рухымен өткізу маңызды. Біз Елбасының тапсырмасын орындауымыз қажет», - деді Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар, вице-премьер бірқатар облыстар жоспарланған жұмыстарды баяу жүргізіп жатқандығын айтып өтті. Атап айтқанда, ШҚО және Алматы қаласы әкімдігі жұмыстың тек 5%-ын орындаса, елорда әкімдігі әлі жұмысты бастамаған.
«Бізге барлық нысандарды сапалы және уақытында аяқтау қажет. Оған қоса, әкімдіктер қаражатты тиімді пайдаланып, оған демеушілерді тартуы тиіс», - деп баса айтты ол.
Күннің екінші жартысында жұмыс сапары Жуалы ауданында жалғасын тауып, онда Б.Сапарбаев «Burnoe Solar» күн электр станциясының жұмысымен танысып, әлеуметтік, білім беру және спорт нысандарын аралады, Б.Момышұлының музейінде болып, әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында вице-премьер жаңа оқу жылына уақытылы дайындалу бойынша шаралар қабылдауды тапсырып, ағымдағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік проблемаларды шешуге баса назар аударды.