Таразда қылмыскер Клецовқа қатысты сот үкімі шықты
«2010 жылдың қыркүйек айында жасалған ауыр қылмыс облыста үлкен дүрбелең тудырған болатын», - дейді баспасөз қызметтің жетекшісі Мәдина Көпен.
М.Көпеннің айтуынша, абақтыдан шыққан С.Клецов есімді азамат жұбайы жұмыс істейтін төсек жабдықтарын сататын дүкенге қызметке алынған.
«Оған жұмыс беріп отырған адамдардың материалдық жағдайы жақсы екенін білген соң ол қарақшылық шабуыл жасауды жоспарлайды», - деді қылмыстың қалай жасалғанына толық тоқталып өткен баспасөз қызметтің жетекшісі.
2010 жылдың 22 қыркүйегі күні шамаман алғанда сағат 16.30-да Клецов кәсіпкер М. есімді азаматшаның үйіне қару асынып келеді.
Есікті Р. есімді кәмелеттік жасқа толмаған М. деген азаматшаның қызы ашады. Қылмыскер оны ұрып-соғып ақша мен бағалы бұйымдарды әкелуін талап етеді.
Р. есімді қыз оған жалпы құны бір миллион теңгедей бағалы бұйымдар мен ақша береді.
Сол кезде Р. есімді кәмелеттік жасқа толмаған қыздың досы Ж. есімді азамат өзінің жолдасы Д. деген жігітпен бірге қыздың пәтеріне келеді. Ештеңеден күдіктенбеген жас жігіттерді Клецов пәтерге кіргізіп, Д. деген жігітті арқасынан атады, ал Ж. деген азаматты жіппен қылқындырып өлтіреді.
М. атты кәсіпкер әйелдің үйге келуін күткен Клецов оны ұрып-соғып, тағы да ақша талап етеді. Содан кейін қызының көзінше анасын басынан атып өлтіреді. Қылмыс күәгерлерін қалдырғысы келмеген Клецов кәсіпкер әйелдің жасөспірім қызын басынан атып өлтіреді. Ол алған жарақатынан Тараздағы ауруханалардың бірінде көз жұмады.
Қылмыскердің Д. деген жігітке атқан оғы дәл тимеген, соның арқасында ғана дәрігерлер баланың өмірін аман алып қалған, деп толықтырды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімімен аса қатыгездікпен үш адамды өлтіріп, төртінші адамның өміріне қауіп төндірген С.Клецовтың мүлкі тәркіленіп, ол өмір бойы темір тордың артына қамалатын болды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.