Таразда медициналық колледж мемлекетке қайтарылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл медициналық колледжі таяуда екі миллиард теңгеге жеке компанияның сенімгерлік басқаруына берілді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Алайда енді жаңа иесі оны мемлекетке қайтаруы қажет. Оның себебі Таразда өткен ӨКҚ брифингінде айтылды. Облыс әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Асатовтың айтуынша, ескі медициналық білім беру мекемесін сенімгерлік басқаруға беру шешімін облыс әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы қабылдады.
Тендер 2016 жылғы 22 қарашада болды, оның нәтижесі бойынша жеңімпаз «Даримет» медициналық орталығы» ЖШС болды. Компания Жамбыл медициналық колледжі үшін екі миллиард теңге ұсынды. Алайда облыс прокуратурасының наразылығына байланысты қаржы басқармасының бұйрығымен тендер нәтижесі жойылған болатын.
«Бұған себеп тендер өткізген кезде қаржы басқармасының бірінші орынбасары Асқар Қырықбаев қызметтік іссапарда болған. Тендер нәтижесіне сол кісі қол қою қажет болатын», - деді спикер.
Атап өтсек, «Даримет» медициналық орталығы мұнымен келіспей, сотқа талапарыз береді. Бірақ бұл шешім жарияланбады, себебі қаржы басқармасы өзі өткізген тендерді заңды деп санады.
Алайда таяуда тендердің басқа қатысушысы «Тараз Trast» ЖШС - сотқа басқа талапарыз берді. Олар бұны заң бұзушылық деп санады. Нәтижесінде Жамбыл ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты тендер нәтижесін заңсыз деп таныды.
«Жамбыл медициналық колледжі бұрынғыша мемлекеттің басқаруына қайтарылады. Одан әрі оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесі әзірге ашық күйінде қалады», - деді ол.