Таразда оқушыны өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды

ТАРАЗ. KAZINFORM – 1 қыркүйекте болған жанжал салдарынан бір жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа күдікті ретінде тағы бір оқушы ұсталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Таразда оқушыны өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды
Фото: Видеодан алынған скрин

Білім күні Таразда қайғылы оқиғамен аяқталды. Кешкісін әлеуметтік желілерде екі мектептің оқушылары арасындағы жаппай төбелес туралы ақпарат тарады, оның салдарынан бір жасөспірімнің қаза тапқаны айтылды.

Қалалық білім бөлімі оқушының қаза тапқанын растағанымен, оқиғаға қатысты тарап кеткен қауесеттерді жоққа шығарды.

— Екі мектеп оқушылары арасындағы төбелес туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Топтық қақтығыстардың фактілері анықталған жоқ. Оқиға оқу процесінен тыс жерде болған. Қақтығыс тұрмыстық сипатта, ал жасөспірімдер бұрын бір-бірімен таныс болмаған, — делінген ресми хабарламада.

Белгісіз жағдайлардың салдарынан жасөспірім пышақ жарақатынан көз жұмды. Полиция марқұмның қазасын растады. Кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу шаралары жүргізілуде, — деп атап өтті департамент өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Таразда 15 жастағы жасөспірім суицид жасаған еді

Соңғы жаңалықтар