18:42, 29 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Таразда «табиғи газға уланды» деген диагнозбен сегіз адам ауруханаға жатқызылды
ТАРАЗ. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Таразда «табиғи газға уланды» деген диагнозбен сегіз адам ауруханаға жатқызылды.

Олардың бесеуі - ересектер және үшеуі - кәмелетке толмағандар.
«Желтоқсанның 28-сінде Тараздың 24 жасар тұрғынының үйіне сағат 14.00 шамасында туыстары мен достары жиналады. Қонақтар табиғи газбен жұмыс істейтін жылыту пешінің жанындағы бөлмеде демалады. Сағат 20.00 шамасында залда отырғандардың мазасы кете бастайды. Қонақтардың бірі дәрігер болған, ол алғашқы көмек көрсетіп, үйдегі газ беру құбырын жабады. Адамдардың беті бері қарай қоймағандықтан, түнге қарай жедел жәрдем шақырылады. Үйде болған барлық сегіз адам ауруханаға жатқызылды», - деді ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы полиция подполковнигі Роза Қалдыбекова.
Улану фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.