Таразда тағы бір мектеп салынды

Құрылысына 430 млн. теңгеден көп қаржы жұмсалған 180 орындық № 57 орта мектеп жақында облыс орталығындағы жаңа құрылыстардың бас жоспары бойынша қала ішіне кірген Көлтоған тұрғын сілемінде ашылды.
«Облыс орталығының шекараларын кеңейту арқылы бізде білім нысандарының саны 95-ке дейін өсті. Енді қалада 58 орта мектеп пен гимназия, 34 балабақша, екі мектепалды оқыту нысаны және бір кешкі мектеп бар», - деп баяндады Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбеков.
Көлтоған сілеміндегі мектеп интерактивті тақталармен, заманауи лингафондық құралдармен және мультимедиялық техникамен жабдықталған. Мұнда ғаламторға қосылған компьютерлік сынып, еңбек кабинеттері, спорттық және мәжіліс залдары, заманауи асхана бар.
2012 жылы Тараз қалалық бюджетінен білім беру саласына 11,5 млрд. теңге қаражат бөлінді, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.