13:06, 22 Шілде 2023 | GMT +5
Таразда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Маусым айында Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде өрт болған еді. Енді содан болған залалды өтеп, өрт салдарын жою үшін шаһар аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тараз қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 2023 жылғы 26 маусымындағы №4 хаттамасының негізінде, Тараз қаласы Абай даңғылы, №170 көппәтерлі тұрғын үйде өрт шығуына байланысты тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Төтенше жағдайды жою басшысы болып Тараз қаласы әкімінің орынбасары Н.Қалдыбаев тағайындалсын және оған осы шешімнен туындайтын іс-шараларды жүргізу тапсырылсын», - делінген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қол қойған шешімде.
Төтенше жағдай жариялауға бағытталған құжат алғаш жарияланған күннен, яғни 21 шілдеден бастап күшіне енді.