18:29, 21 Қаңтар 2011 | GMT +5
Таразда телефон кәбілін ұрлаған үш жасөспірім қолға түсті
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Таразда телефон кәбілін ұрлап жатқан жерлерінен үш жасөспірім қолға түсті, деп хабарлады Жамбыл облыстық телекоммуникация дирекциясының қоғаммен байланыс бөлімі.

Облыс орталығындағы жекеменшік сектордағы телефон кәбілінің дабыл қаққышы іске қосылды деген телефон қоңырауы Жамбыл облыстық дирекцияның кезекші бөліміне түнгі сағат 02.55-те келіп түседі. Сағат 03.15-те оқиға орнына келген жедел топ ұрлық үстінен түскен.
Оқиға орнын, жақындағы көшелерді тексерген облыстық телекоммуникацияның қауіпсіздік қызметі жақын жердегі жер үйден қара түтіннің шығып жатқанын көрген, ал үй ауласынан кәбіл байланып тұрған темір сым табылған.
Үйді тексеру барысында мысты қабықтан аршу үшін кәбілді пешке жағып жатқан үш жасөспірім қолға түседі.
17,16 және 14 жастағы жасөспірімдер №29, №16 орта мектеп пен Тараз қаласындағы лицейдің оқушылары болып шыққан.