10:32, 08 Мамыр 2009 | GMT +5
Таразда тоғызқұмалақтан Қазақстанның Жастар ойындары өз мәресіне жетті
АЛМАТЫ. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Таразда тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының ІІ Жастар ойындары өз мәресіне жетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.1990-1992 жылғы жастар арасында өткен бұл сайысқа 12 облыс пен республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қаласынан 90-ға жуық спортшы қатысты. Оған ұлттық дәрежедегі төреші Мейрам Ноғайбаев бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. «Бұған дейін тоғызқұмалақтан түрлі деңгейдегі жарыстарда негізінен қызылордалықтар үздік шығатын. Бәсекенің басты ерекшелігі, онда жарыстың соңына дейін кімнің жеңімпаз болатынын болжау мүмкін емес. Жеті турдан тұратын бұл сайыс аса тартысты жағдайда өтті. Ойынның жалпы қорытындысында 30,5 ұпай жинаған Қостанай облысының командасы бірінші орынды иеленді. Ал 2-3-ші орындарды Павлодар мен Қызылорда облыстарының командалары бөлісті», - дейді ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Айнұр Жақыпбаева.