Таразда трактор мен комбайн шығаратын зауытты жыл соңына дейін іске қоспақ
ТАРАЗ. KAZINFORM – «Тараз» индустриялық аймағында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорын ашуға дайындық жүріп жатыр. Осы алаңда суару жабдықтары мен жаңбырлатып суару машиналарын шығару жобалары да жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Инвестициялық-инфрақұрылымдық даму дирекциясының индустриялық аймақтар бөлімшесінің бас инженері Садыр Тұрсынбековтің мәліметінше, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірісті 2026 жылдың соңына дейін іске қосу көзделіп отыр.
Зауыт құрылысының егжей-тегжейін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылғы қыркүйекте жариялаған еді. Жобаның инвесторы – Kaz FM World agriculture machinery компаниясы. Капсула салу рәсімінде кәсіпорынның құны үш млрд теңге болатыны, ал жобалық қуаты жылына екі мың техника шығаруға есептелгені айтылды.
Зауытта трактордың сегіз моделін, күріш жинайтын және мақта теретін комбайндар құрастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, тіркемелі жабдықтар мен тұқым сепкіштер де шығарылмақ. Осылайша кәсіпорынның өнімдері дала жұмыстарының бірнеше түріне арналатын болады.
Индустриялық аймақта суармалы егіншілікке қажет жабдықтар өндірісін де дамыту көзделген. Akplas компаниясы жылдық өнімі 200 мың гектарға дейінгі алқапты жабдықтауға жететін ирригациялық жабдық зауытын салуды жоспарлаған.
Ал қытайлық Hualing Group жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын кәсіпорын жобасын ұсынды. Оған он млрд теңге инвестиция салу көзделген. Жобалық қуаты – жылына 200 машина.
Мұндай жабдықтарға қажеттілік су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың ұлғаюымен байланысты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2026 жылғы мәліметі бойынша, бұл технологиялар 76,8 мың гектарды қамтиды. Соның ішінде 52,8 мың гектарда тамшылатып суару жүйелері, 20 мың гектарда жаңбырлатып суару қондырғылары пайдаланылады.
Өңірге жыл сайын тағы он мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу міндеті қойылған. Басқарма жүзеге асқан жобалардың қатарында «Мерагро Холдинг LTD» компаниясы мен «Аспан агро» шаруашылығына жаңбырлатып суару техникасын орнату жұмыстарын атаған.
Жаңа өндірістер орналасатын «Тараз» индустриялық аймағы 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Оның құрамына облыс орталығындағы өндірістік алаңдармен бірге аудандардағы қосалқы аймақтар кіреді. Тараз қаласы мен «Талас» қосалқы аймағында инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған 276 гектар жердің 241,6 гектарын инвестициялық жобалар алып жатыр.
Қазір индустриялық аймақта жалпы құны 302,9 млрд теңге болатын 31 жоба жүзеге асырылуда. Олардың аясында 2 724 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал іске қосылған кәсіпорындарда 300-ге жуық адам еңбек етеді.
Трактор мен комбайн өндірісі – жыл соңына дейін ашу көзделген үш кәсіпорынның бірі. Жалпы құны 36,8 млрд теңге болатын осы жобалардың қалған екеуі химия өнімдері мен құрылыс материалдарын шығаруға бағытталған.
Инвесторларға өндіріс ашу үшін жер учаскелері мен инженерлік инфрақұрылым ұсынылады. Zhambyl Invest облыс әкімдігімен және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, кәсіпорындарға ұйымдастыру мәселелерін шешуге және мемлекеттік органдармен байланыс орнатуға көмектеседі.
Еске салсақ, Қазақстанда су үнемдейтін суару жүйелерін шығаратын отандық зауыттар саны соңғы екі жылда төрттен жетіге дейін артқан. Су ресурстары және ирригация министрлігі саладағы импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірісті дамытуға арналған 13 іс-шарадан тұратын жол картасын әзірледі.
Сондай-ақ елімізде заманауи суару технологияларын қолдану арқылы 1,1 млрд текше метрге жуық су үнемделгенін хабарлаған едік. Мұндай жүйелер енгізілген алқаптардың жалпы аумағы 702,3 мың гектарға жеткен.