Таразда ҰҚК департаменті ғимаратына атылған гранатометті сатқан азамат ұсталды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, тергеуде белгілі болғандай, гранатометті М.Кәриев өзі кірген қылмыстық топтың мүшесінен алған. Өз кезегінде аталған қылмыстық топтың мүшесі бұл қаруды Жамбыл облысының басқа тұрғынынан алғаны белгілі болды. «Гранатометті сатқан адам ұсталды. Бүгінде ол гранатометті даладан тауып алдым деп жауап беріп отыр»,- деді Н.Сүйіндіков. Оның айтуынша, осы қару-жарақтардың шығу көздері бүгінде әлі де тексеріліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы 12 қарашада Тараз қаласының тұрғыны Мақсат Кәриев бірқатар аса ауыр қылмыстар жасады. Соның салдарынан құқық қорғау органдарының бес қызметкері мен екі бейбіт тұрғын қаза тауып, ал үш полиция қызметкеріне оқ тиіп, жарақат алды. Сонымен қатар Кәриев өзін-өзі жарып жіберді.
Атап айтқанда, М.Кәриев Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті депатаменті ғимаратына келіп, гранатометпен бір оқ атқан және автоматпен оқ жаудырған.