Таразда Жаңа жыл түнінде екі ірі өрт болды

ТАРАЗ. KAZINFORM - Алдымен Қарасу шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйде өрт шықса, кейін жанармай құю бекетіне жақын орналасқан мейрамхана отқа оранды.

Два крупных пожара произошли в Таразе за ночь
Фото: Жамбыл облысы ТЖД

Алғашқы өрт оқиғасы 22:18-де Қарасу шағынауданындағы №15 бесқабатты тұрғын үйде тіркелді. Бесінші қабаттағы пәтердің балконында тұтанған от көп ұзамай шатырға таралған. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде балкон мен шатыр ашық жалынмен жанып жатқан. Жалпы аумағы шамамен 900 шаршы метр өрт 23 минуттан кейін сөндірілді.

Үйден 100 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды. Өртті сөндіруге жеті су атқыш жұмылдырылды. Тұрғындарға №25 орта мектеп базасында жылыту және тамақтану пункті ұйымдастырылды.

 пожар, многоэтажка горит, пожар в доме, тушение пожара
Фото: ІІМ

Қала әкімдігінің мәліметінше, алғашқы сағаттарда ол жерге ешкім көмекке жүгінбегенімен, кейінірек тоғыз отбасы уақытша орналастыру бойынша жәрдем сұраған.

Екінші өрт Жамбыл даңғылында орналасқан «Dr. Watson» мейрамханасында болды. Өрт мейрамхананың жазғы алаңын шарпыған, ал негізгі ғимаратта келушілер болған. Өрт ошағының жанармай құю станциясына өте жақын орналасуы да қауіп тудырған.

Мейрамханадан шамамен 100 адам эвакуацияланды. Өрт сөндірушілер тілсіз жаудың негізгі ғимаратқа және жанармай құю бекетіне таралуына жол бермеді. Өрт аумағы – шамамен 300 шаршы метр.

Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, екі оқиғада да зардап шеккендер жоқ. Әлеуметтік желілерде куәгерлер өрттің шығуына салют себеп болуы мүмкін деген болжам айтқанымен, ТЖД өкілдері нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, өрттің нақты себебі қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін, шамамен 10-15 күн ішінде анықталады.

Өткен тәулікте, 31 желтоқсанда, Қазақстан ТЖМ күштері 210 рет шақыртуға шыққан, оның 91-і өрт пен жану жағдайларына қатысты.

Айта кетейік, бір жыл ішінде елімізде 150 жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды.

Соңғы жаңалықтар