Таразда жоғалып кеткен 10 жастағы баланың мәйіті табылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда жоғалып кеткен 10 жастағы баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Жамбыл облысы ІІД-інің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірнеше күн бойы ақпараттық арналар мен әлеуметтік желілер арқылы Тараз қаласындағы №6 мектептің 4-сынып оқушысы Николай Никитюктің 18 қараша күні сағат 17:00 кезінде Сахарный ауылындағы стадионнан шыққаны, алайда үйіне оралмағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Ата-анасы бала туралы қандай да бір ақпарат білетіндер болса, көрсетілген байланыс телефондарына жіберуін өтінген.
«Тараз қаласы тұрғынының мәліметінше, оның ұлы 2007 жылы туған, 18 қараша күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап, іздеу шаралары ұйымдастырылды. Келесі күні ІІБ қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында бұталардың арасынан баланың денесін тапты», - деп мәлім етті Жамбыл облысы ІІД-інің баспасөз қызметі.
Тергеу барысында қаза тапқан баланың 14 жастағы досы қасында болғаны анықталды. Ол сол күні екеуінің желім иіскегенін айтты.
«Баланың қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Істің жай-жапсары анықталып жатыр. Қазіргі уақытта күдікті ата-анасына берілді», - деді Жамбыл облыстық ІІД.