Тараздағы жаңа кітапханада шығармашылық үйірмелер мен сабақтар ұйымдастырылды
ТАРАЗ.KAZINFORM - Сұлутөр тұрғын алабындағы кітапхана кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға және компьютерді меңгеруге арналған орынға айналды. Мұнда домбыра, сурет салу және қолөнер үйірмелері жұмыс істейді. Ал жастар үшін коворкинг жабдықталған.
«Жібек жолы» ауданы әкімдігінің мәліметінше, кітапхананың ауданы 320 шаршы метрді құрайды. Қорында 9 418 дана кітап бар. Оның 4 257-сі – қазақ тілінде.
Кітапты үйге алып оқуға мүмкіндік беретін абонемент бөлімімен қатар оқу залы да қарастырылған. Мұнда ақын-жазушылардың шығармалары мен тарихи басылымдар жинақталған. Оқырмандар әдеби шығармалармен танысып, коворкингте өтетін мәдени кездесулерге қатыса алады.
Кітапхана жұмысының бағыттары туралы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өкілдері айтып берді. «Домбыра» үйірмесі ұлттық аспапты меңгеруге, «Сурет салып үйренеміз» сурет салуға, ал «Қолөнер» қолөнерге баулиды. Аға буын өкілдері үшін компьютерлік сауаттылықты меңгеруге көмектесетін «Компьютерді оңай үйренеміз» бағыты жұмыс істейді.
Жаңа кітапхана Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған. Ашылу рәсіміне тұрғындар, аға буын және әдеби орта өкілдері қатысты. Қонақтар арасында еңбек ардагері Қасымхан Төлендиев пен жазушы Оралхан Дәуіт болды.
Кітапханалар желісіндегі өзгерістер қала аумағының кеңеюімен де байланысты. Таразға 14 елді мекен қосылғаннан кейін қалалық кітапханалар желісі тағы тоғыз нысанмен толықты. Бұлар – қала құрамына енген аумақтарда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мекемелер.
Қазір «Жібек жолы» ауданында жеті кітапхана жұмыс істейді. Олардың жалпы қоры 68 637 дананы құрайды. Оның ішінде 43 020 басылым – мемлекеттік тілде. Кітапханалардан бөлек, тұрғындарға арналған мәдени іс-шараларды үш мәдениет үйі өткізеді. Биыл ауданда мерекелер мен атаулы күндерге орай 23 іс-шара ұйымдастырылған.
Кітапхана ғимараттарын жаңарту жұмыстары бірнеше тұрғын алабын қамтыды. Жазда қалалық медиаорталық Сұлутөр, Шайқорық және Қоңыртөбедегі ағымдағы жөндеудің аяқталғанын хабарлаған еді. Ғимараттардың іші жөнге келтіріліп, оқу залдары мен білім беру коворкинг-орталықтары жабдықталған. Тегін интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілген.
Кітапханаларда оқырмандарды әдебиетпен таныстырудың түрлі тәсілдері қолданылады. Олардың қатарында дауыстап оқу, кітап талқылау, жазғы оқу залдары, кітап оқу мен сурет салуды ұштастыратын сабақтар бар. Ақпарат іздеуде көмек қажет ететіндер үшін виртуалды анықтамалық қызмет жұмыс істейді.
Өлке тарихына арналған жеке бағыт та бар. Кітапханашылар құнды өлкетану құжаттары мен жамбылдық авторлардың шығармаларын цифрландырып жатыр. Электронды формат бұл материалдарды баспа басылымдарымен қатар пайдалануға мүмкіндік береді. Қызметкерлер қорға түскен жаңа кітаптар туралы оқырмандарға әлеуметтік желілер мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты хабарлап отырады.
Кітапхана Қ. Пірімқұлов көшесіндегі №12 үйде орналасқан. Жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін ашық. Сенбі мен жексенбі – демалыс күндері.
Еске салсақ, бұған дейін Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында кітапхана-клуб ашылғанын хабарлаған едік. Құны 256 млн теңге болатын нысанда кітапхана мен 90 орындық клуб біріктірілген. Жаңа ғимарат тұрғындардың кітап оқып, шығармашылықпен айналысуына және мәдени іс-шараларға қатысуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық кітапхананың жұмыс уақытын түнгі сағат 24:00-ге дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл студенттерге, жұмыс істейтін азаматтарға және басқа да оқырмандарға кітапхана қызметін кешкі уақытта пайдалануға мүмкіндік береді.