13:13, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Тараздағы қатаң режимдегі колонияда төтенше оқиға орын алды
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Тараздағы қатаң режимдегі ЖД-154/4 мекемесінде төтенше оқиға орын алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасынан хабарлағанындай, жасалған ауыр қылмыс сотталған екі азаматтың арасындағы кикілжіңнің барысында орын алған ? біреуі қолына түскен өткір темір затпен екіншісіне бірнеше рет соққы жасаған. Зардап шеккен азамат медициналық көмектің дер кезінде көрсетілгеніне қарамастан, алған жарақаттардан көз жұмған. Қылмысты жасаған сотталушы қамауға алынды, оқиға орнында Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің тергеушілері жұмыс істеп жатыр. 28 жастағы қаза болған азамат сот үкімімен 20 жылдық жаза мерзімін өтеп жатқан.Ал 35 жастағы екінші сотталушы осындай қылмысы үшін 10 жылға сотталған екен. Факті бойынша тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен хабарлағанындай, бұл республиканың пенитенциарлық жүйесінде жылдың басынан бері орын алып отырған бірінші кісі өлтіру қылмысы.