Тараздағы өрт шалған тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталды

None
Фото: Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметі
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бірер күн бұрын Тараз қаласы Төле би көшесіндегі №4 көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, жалын 54 өрт сөндіруші мен 13 техниканың көмегімен ауыздықталғанын жазған болатынбыз. Аумағы 800 шаршы метрді шарпыған өрт көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпқабатты тұрғын үйде 133 пәтер болса, бесінші қабаттағы 20 шақты пәтерге зақым келген.

«Жанып жатқанда біз бәріміз бала-шағамызбен ұйықтап жатқанбыз. Өрт сөндіруші жігіттер таңғы 4.30-дар шамасында есігімізді қағып оятты. Біз сезген жоқпыз. Сол өрт сөндірушілердің арқасында бәріміз аман қалдық. Таңғы 8-ге дейін үйге кіре алмай, далада жүрдік», – дейді зардап шегуші Гүлден Койчубаева.

Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан тұрғын үйді жөндеу жұмыстары, тұрғындарға көрсетілер өзге де көмектер турасында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдан сұрап білген едік.

«Қазіргі таңда өрт шалған тұрғын үйге «Таraz Invest Azia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Тиісті құзыретті органдар ол жерде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, зерттеп, өрттің неден шыққанын анықтауда. Шығын көлемі шамамен 40-50 миллион теңге. Барынша қысқа мерзімде шатырын жөндеп, бүлінген пәтерлерді қалпына келтіріп беруге күш саламыз.

Тұрғындардың біразы өз үйлеріне қайта барып, пәтеріне жөндеу жүретін кейбірі туыстарының үйін паналауда. 20 пәтердің тұрғындарының ішінде көп балалы аналарға шипажайдан, оңалту орталықтарынан жолдамалар ұсынылды», – деді қала әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, бұған дейін Таразда көпқабатты үй өртеніп, тұрғындар мектепке орналастырылды деп хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар