Тараздағы жол апаты: Полиция көлігіне трактор жол бермеген
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда екі полицейдің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Еске салайық, Тараз қаласында Төле би даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің қиылысында жол апаты болып, жол-патрульдік қызметтің екі қызметкері зардап шекті. Олар ауыр халде №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметіне жолдаған сауалына құқық қорғау мекемесі мынадай жауап берді: «2 ақпан күні сағат 21:10-да Майлин - Әл-Фараби көшелерінің қиылысында «Пежо 301» маркалы қызметтік көлік жүргізушісі полиция аға сержанты «WZ-30/25» маркалы фронтальды тиегіш трактордың артқы күрегіне соғылған. Трактордың жүргізушісі бұрылмақшы болғанда, қарсы беттегі көлікті өткізбеген. «Пежо 301» екпіні бәсеңдемей ағашқа соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Пежо 301» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы әртүрлі деңгейде жарақат алып №1 қалалық ауруханаға түсті».
Трактор-тиегіштің рулінде 50 жастағы тараздық отырған. Трактор «Жасыл-Ел Тараз» ЖШС-на тиесілі.
Бұл оқиға Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлімі бойынша тіркелді, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп нақтылады өңірлік ІІД-нің баспасөз қызметі.