Тараздың ойын-сауық кешендерінің біріне жарылғыш зат қойылғандығы туралы ақпарат жалған болып шықты
Бұл туралы ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.
Сенбі, 12 қараша күні Ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне Тараз қаласындағы «Темірқазық» ойын-сауық кешеніне жарылғыш зат қойылғандығы туралы анонимді хабар келіп түсті. Жүргізілген арнайы іс-шаралардың барысында қауіпті зат табылмады.
Төтенше жағдайды жоюға шұғыл әрекет ету қызметтері, соның ішінде ҚР ТЖМ Жамбыл облысы бойынша ТЖД-ның 22 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылды.
Сондай-ақ, осы күні Алматыда ІІД-нің кезекші бөліміне көпірдің үстінде скотчпен оралған күдікті қорап жатқандығы туралы ақпарат түсті. Қоңырау бойынша көтерілген шұғыл әрекет ету қызметтері, соның ішінде ҚР ТЖМ Алматы қаласы бойынша ТЖД-ның 3 адамы мен 1 техникасы арнайы іс-шараларды жүргізді. Оның барысында қораптың ішінде құрылыс заттары болғандығы анықталды.