Тәрбиеші мамандығына бұрын бір орынға 10 адамнан астам үміткер болса, қазір 1-ге де жетпейді - Аймағамбетов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балабақша тәрбиешісі мамандығына қызғушылық өте төмен. Бұл жайтты Президент Жолдауында білім беруді одан әрі дамыту және педагогтерді қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылғаны туралы әлеуметтік желіде жазған оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов атап өтті.

Тәрбиеші мамандығына бұрын бір орынға 10 адамнан астам үміткер болса, қазір 1-ге де жетпейді - Аймағамбетов

«Кейінгі 3 жылда балабақша тәрбиешілерінің жалақысы екі есеге дейін өскенімен, оның білікті кадрларды тартуға әлі де жеткіліксіз екені байқалып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ЖОО-дағы бір орынға 10 адамнан астам үміткер болса, қазір 1-ге де жетпейді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайтуды тапсырды. Балаларды балабақшамен қамту бойынша қосымша шаралар қабылданады», - деп жазады министр.

Министр Мемлекет басшысының үш ауысымда оқитын және қирап тұрған мектептердің мәселелерін шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырғанына да тоқталған.

«2021 жылы 250-ден астам мектеп пайдалануға берілген болатын. Биыл тағы 230-дан астам мектеп ашу жоспарланған. Осыған қарамастан, мәселе әлі өткір күйінде қалып отыр. Ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай кемінде 840 мың оқушы орнын құру жоспарда бар. Сонымен қатар, жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті сыныптар санымен және спорт залдарымен жабдықталуы керек. Бастауыш және жоғары сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылып отыр», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады.