Тәрбиешілер балаларды ұрып-соқпас үшін жергілікті органдар бақылауды күшейтуі тиіс - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің алқа отырысында министр Ғани Бейсембаев балабақша тәрбиешілерінің балаларға қол жұмсауы жайында сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәрбиешілер балаларды ұрып-соқпас үшін жергілікті органдар бақылауды күшейтуі тиіс - министр

«Өткен жылы 39 мыңға жуық орынға арналған 458 балабақша іске қосылды. Жекеменшік балабақшалардың 93%-на мемлекеттік тапсырыс берілді. Нәтижесінде 2-6 жасар балаларды тәрбие-біліммен қамту 89,4%, ал 3-6 жастағыларды - 99,4% артты. Былтыр балалардың дағдыларын, зерттеу қызметін дамыту және дамытушы орта құру үшін оқу және ойын материалдарының тізбесі бекітілді. Яғни, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын жарақтандыру нормалары жасалды», - деді Ғани Бейсембаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.

«Өкінішке қарай, былтыр тәрбиешілер тарапынан балаларға күш көрсету фактілері болды. Алдағы уақытта ондайды болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар бақылауды күшейтуі қажет», - дейді министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен жылы мектеп-балабақшалардың 77 пайызы алғашқы мемлекеттік аттестациядан сүрінген.