Тариф көтеруде барлық факторлар ескерілуі тиіс - апталық шолу

Аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Марат Оспановтың атап өтуінше, Қазақстанда монополистер тарабынан реттелетін салаларға құйылатын инвестиция көлемі жыл сайын арту үстінде. Мәселен, өткен жылы аталған салаларға монополистер тарабынан бөлінген инвестиция 208,8 млрд. теңгені құраған болатын. Бұл 2011 жылдағы көрсеткіштен 46 пайызға артық. Ал ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 230 млрд. теңге деңгейінде межеленіп отыр. Мұндай нәтижеге әрбір монополиске инвестициялық бағдарлама әзірлеу әрі оны тыңғылықты жүзеге асыру міндеті жүктелгеннен кейін мүмкін болып отыр. Ал бұл тиімді механизм - әр теңгені мақсатты көздеуге және оның жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. «Инвестициялық бағдарламаның болуы - тарифтер бекіту үшін міндетті шарт болып табылады. Инвестициялық бағдарлама болмаған жағдайда табиғи монополия субъектілерінің тариф бекітуге арналған өтінімдері қабылданбайды және қаралмайды», - деді агенттік басшысы.
Айта кетерлігі, агенттік монополистер жүргізіп отырған жаңғыртудың түпкі нәтижесі энергия тиімділігін көтеруге және реттелетін қызметтердің сапасын жақсартуға септігін тигізуі тиістігіне де ерекше мән беруде. Бүгінгі күні осы бағыттарда белгілі нәтижеге қол жеткізілген. Нақты айтқанда, жоғарыда аталған шаралар өткен жылы ғана тұтынушылардың 7,3 млрд. теңгеден астам қаражатын үнемдеуге жол ашты. Жалпы қазіргі таңда электр, жылу желілерінде және сумен жабдықтау желілерінде нормативтік ысыраптар деңгейінің жыл сайын төмендеу үдерісі байқалады. Ал жыл соңына дейін нормативтен тыс ысыраптар толық жойылады деген де жоспар бар. «Жүргізілген жөндеулер және жабдықты жаңарту, ұйымдастыру шараларын өткізу нәтижесінде жылу энергиясын өндіруге арналған отын шығысы едәуір төмендетілді. Статистика деректері бойынша соңғы 10 жыл ішінде оның деңгейі 2 еседен астамға азайды», - деді ол.
М.Оспановтың атап өтуіне қарағанда, көппәтерлі тұрғын үйге ортақ жылуды есептеу аспаптарын орнату проблемасы өз өзектілігін әлі күнге дейін жоймай отыр. Сондықтан да ағымдағы жылы монополистердің есебінен оларды орнатудың баламалы тетігі енгізілген. Алғашқы нәтижелер де бар. Сонымен қатар оның айтуынша, агенттік ағымдағы жылы тұтынушылардың құқықтарын бұзуға жол бермеу мақсатында 284 тексеру жүргізіп, 1018 нұсқама енгізген, 244 сот талқылауына қатысқан. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгені құрайды.
Сонымен қатар агенттік басшысы бұл саладағы шикіліктерді жойып, тұтынушы мен монопоист арасындағы өзара іс-қимылдарды ретке келтіруге бағытталған нақты шараларды да атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, қызмет берушілердің және тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін регламенттеу мақсатында салалық министрліктерге агенттікпен бірлесіп, реттелетін коммуналдық қызметтерді көрсету кезінде сапа және қызмет көрсету стандарттарын әзірлеу әрі бекіту ұсынылады. Инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың және қызметтер сапасының қоғамдық мониторинг жүйесі құрылады. «Жоғарыда баяндалған шараларды іске асыру нәтижесі инвестиция көлемін 2018 жылға қарай жыл сайын кемінде 30 пайызға ұлғайтуға, табиғи монополиялар салаларындағы негізгі құралдардың тозу деңгейін 2018 жылға қарай 52 пайызға дейін төмендетуді қамтамасыз етуге, 2017 жылға қарай суды есептеудің жеке аспаптарымен 95 және үйге ортақ жылуды есептеу аспаптарымен 90 пайызға жарақтандыруға, тұтынушылар мен монополистердің өзара іс-қимыл жасауын регламенттеуді және реттелетін қызметтер сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Осы жиында мұнай экспорты саласындағы қызметтерді реттеудің қазақстандықтарға еш әсері болмайтындығын баса айтқан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Ең басты мәселе - халықты қызметтердің қымбаттауынан қорғау. Ал оған экспорттың қандай қатысы бар? Бұл қызмет берушілер мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келіссөздер мәселесі. Тасымалдау мұнай бағасының 3-5 пайызын ғана құрайды», - деді. Өз кезегінде еліміздің Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов өзі басқаратын ведомствоның мұнай экспорты тарифтерінің еркін болғандығын жақтайтындығын жеткізді. Дегенмен оның сөзіне қарағанда, бұл мәселенің шешімі Еуразиялық экономикалық комиссияға тәуелді болып отыр. «Бүгінде газды экспорттау және тасымалдау реттелмейді. Біз мұндай ұсынысты мұнайға да қатысты жасаған едік. Бірақ Еуразиялық экономикалық комиссия осындай талап қойып отыр. Олар оған ықпал жасағылары, экспорт және тасымалды реттегілері келеді. Біз экспорт пен тасымалдың реттелмегендігін жақтаймыз», - деді ол. Осы орайда Үкімет басшысы С.Ахметов Еуразиялық экономикалық комиссиядағы қазақстандық ұстаным нақты болуы керектігін нықтай айтып, қазақстандық сарапшылармен бірлесіп, аталған мәселені егжей-тегжейлі қарастыруға әрі сәйкесінше шешім енгізуге тапсырма берді.
Осыдан кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев қосымша баяндама жасап, Тау-кен өндірісі және кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Н.Радостовец, Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығының басшысы Ш.Оразалинов, «Су ресурстары маркетингі» ЖШС-ның бас директоры А.Орман сөз сөйледі.
Жиынды қорытындылаған С.Ахметов талқыланып отырған мәселенің әлеуметтік маңыздылығын айта келе, тарифтік реттеу жүйесін жақсарту мәселесінің Мемлекет басшысының айрықша бақылауында отырғанын атап көрсетті. Сонымен қатар тарифті көтеруге қатысты, барлық факторларды ескеру қажеттігін, монополистер тарапынан қаржыны пайдалану мәселесінің қатаң бақылауда болуы керектігін айтты. «Тарифтерді реттеу мен арттыру үшін міндетті шарт құрал-жабдық активтері мен желілерді қолдану әрі жаңғырту бойынша инвестициялық бағдарламаның ғана болуы тиіс. Міне бұл тиімділікті, энерготиімділікті арттыру, қызмет сапасын арттыру болып саналады», - деді С.Ахметов.
2020 жылға дейін ЖІӨ өсімін 7 %-дық деңгейде қамтамасыз етуге 80 млрд. доллар қажет
Осы аптада «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Қазақстан Республикасы индустрияландыру бағдарламасын қаржыландыру жобасын жетілдіру» жөніндегі басқарушы комитетінің екінші отырысы өтті. Алқалы жиын қорытындысына орай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген аталған холдингтің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың сөзіне қарағанда, 2020 жылға дейін Қазақстанда жалпы ішкі өнім өсімін 7 пайыздық деңгейде қамтамасыз ету үшін 80 млрд. доллар инвестиция қажет екен. «Біздің жоспарымыз бен Президент тапсырмасына сәйкес индустрияландырудың 2-ші бесжылдығының қаржылық жоспарын дайындап отырмыз. Біздің жұмысымыздың нәтижелеріне орай 2020 жылға дейін экономикаға қосымша 80 млрд. долларға жуық инвестиция көлемін тарту керек болады», - деді ол. Қ. Бишімбаевтың атап өтуінше, бүгінгі отырыста осыншама көлемдегі инвестицияны қайдан және қалай тарту керек деген мәселе кеңінен талқыға түскен. Оның пайымынша, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін қаржылық жүйе жұмысының деңгейін арттыру, банктерді «нашар кредиттерден» арылту қажет. «Екіншіден, «Бәйтерек» холдингінің даму институттарының тиімділігін арттыру қажет. Олар бар қаржыны тиімді пайдаланып, экономиканы тезірек басымдықты секторға жеткізсе, бұл да қосымша инвестиция тартуға септігін тигізер еді. Сонымен қатар отырыс барысында тікелей, әсіресе шетел инвестициясын тарту жолдарын кеңінен талқыладық», - деді басқарма төрағасы.
Жалпы, аталған отырысқа қатысқан сарапшылардың пайымынша, еліміздің ішкі қор нарығын Қазақстан қор биржасының өтімділігін акцияларға сұранысты да, эмитеттер тарабынан ұсынысты да ынталандыру арқылы көтеруге болады екен. Бұл ретте олар Мемлекеттік компанияларды қор биржасы арқылы ішінара жекешелендіруді ұсынады. Сонымен қатар сарапшылар еліміздің шағын және орта бизнесінің Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы рөлін арттыру арқылы бұл саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға көтеруге болатындығын атап өтуде. Ал бұл межеге қол жеткізу үшін шағын және орта бизнес өклідерін ынталандыру, коммерциялық мүмкіндіктерін арттыру, корпоративтік басқарудың тиімділігін және ашықтығын арттыру, акционерлік қаржыландыру әдістерін насихаттау арқылы шағын және орта бизнестен қарыз тарту көлемін азайту қажет екен.