Тарифті инфляцияға сай индекстеу тұтынушылардың қалтасына 4 жылдан кейін әсер етеді – министр
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет кулуарында электр тарифін инфляцияға сай индекстеудің ықтимал салдарына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет отырысында ведомство электр қуатының әзірлігін ұстап тұру үшін 1 МВт қуаттың шекті тарифін айына 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу қажет деген пайым айтқан болатын.
БАҚ өкілдері осы саясаттың тұтыншулар қалтасына қалай әсер ететінін сұрады.
«Қазір бұл нарықта 32 млрд теңге бар. Жыл сайын 400 млрд теңге қосылып отыруы керек. Бұл - тариф нарығынан қайтатын ақша. Бірақ қайтатын ақшаны станса салынғаннан кейін ғана есептеу туралы шешім қабылдадық. Яғни, алдын ала ақша бермейміз. Өйткені алдын ала берген ақша көбіне кейін қайтпай қалады. Станса салынып, оны жауапты орындар қабылдап алғаннан кейін ғана ол станцияны ««Инвестиция орнына тариф» бағдарламасына қосуға болады. Бұл 2026-2027 жылдары жұмыс істейтін шығар. Кім стансаны қаншалықты жылдам салатынына байланысты. Кейін ол тариф бағасына әсер етеді. 4 жылдан кейін шығар бәлкім. Ол кезге дейін тарифтер де басқалай болады ғой», - деді министр.