«Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы қалай жүргізіледі

«Қазақстандықтарды жылумен, электр энергиясымен, сумен және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының қазіргі жай-күйін жаңарту қажет. Сондай-ақ, осы саладағы еңбекақысы жылдар бойы көтерілмеген білікті мамандардың сыртқа кетіп жатқанын көріп отырмыз. Осы мәселелерді шешу үшін министрлік «Тарифты инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруда. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Біздің есептеуімізше, бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20% төмендетуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Алдыңғы 2009-2015 жылдардағы «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы энергетика саласы объектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана бағытталған болатын.
«Қазіргі бағдарламаның бағыты айтарлықтай кең. Мәселен, ол электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана емес, барлық коммуналдық қызметтерді тұтынушыға жеткізуге, яғни желілерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, жаңа тарифтік саясатта тұтынушылардың мүдделерін қорғап, негізделген бағамен сапалы қызмет көрсету – басты назарда. 2023 жылы 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 250 млрд теңгеге инвестиция тарту жоспарлануда», - деді Ә. Қуантыров.
Бұдан басқа, биыл электр энергиясын өндіруге тарифтің, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысының, тауарлық газдың көтерме бағасының және көмір, мазут, жанармай сияқты стратегиялық тауарлар құнының өсуі тарифтер деңгейіне әсер ететін қосымша факторлар болуда.
«2023 жылдың екінші тоқсанында министрлік 1 шілдеден бастап тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді қысқа мерзімде бекітті. Нәтижесінде, тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескеріп, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30% құрайды. Бұл ретте халықтың осал топтары коммуналдық төлемдер үшін шығындардың бір бөлігіне өтемақы беру есебінен әкімдіктердің коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі көмегіне сүйене алады», - деді министр.
Сондай-ақ, бүкіл инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі қызыл аймақ; сары аймақ; жасыл аймақ болып үш тәуекелдік топқа бөлінген. Осылайша, жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестицияларды тарту басым тәртіппен жүргізіледі.
Осыған дейін Ұлттық қорға жыл басынан 2,6 трлн теңге түскені жазылды.