Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісім депутаттардың қолына тиді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келісім 2007 жылғы қазанның 6-сындағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамаға сәйкес күшіне енеді.
Келісімнің 2-бабына сәйкес, үшінші елдерден шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларын бірыңғай кедендік аумаққа әкелуді реттеуді жүзеге асырған кезде, егер ұқсас тауарлар бірыңғай кедендік аумақта өндірілетін болса, оларды әкелуге арналған тарифтік квоталарды белгілеу түрінде жеңілдіктер беруге рұқсат етілетіні көзделген.
Келісімнің 3-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарларын преференциалды әкелуге тарифтік квоталарды Кеден одағының комиссиясы белгілейді.
Алайда, Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 331-бабына сәйкес кедендік преференциялар Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша беріледі.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Кеден кодексі 8-бабының 2-тармағына сәйкес тауарлар мен көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге, Қазақстан Республикасынан әкетуге және оларды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге тыйым салулар мен шектеулер, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары тек Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен және Қазақстан Үкіметінің нормативтік қаулыларымен белгіленуі мүмкін.
Осылайша Келісім ережелерінде Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес Келісім ратификациялауға тиіс.
Аталған заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді.