Тарифтің өзгеруі, суды үнемдеу, заманауи кадр: жаңа Су кодексінен не күтеміз
АСТАНА. KAZINFORM – Су кодексінің өзгертілетін нұсқасы Мәжілістің қарауына енгізілді. Бұған дейін жаңа құжатқа қатысты Сенат және Мәжіліс қабырғасында бірқатар жиын өтіп, қызу талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген Су кодексінің басты ерекшеліктері қандай? Агенттік тілшісінің шолуында толығырақ.

Қолда бар су қорын қалай үнемдейміз?
Еліміздегі су қорының 65%-ы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Мәселен, 2020-2022 жылдары орташа алғанда 14,2 текше шақырым су пайдаланылды. Оның 77%-ы суармалы егіншілікке, яғни 1,9 млн гектар аумаққа, ал қалғаны 3,6 текше шақырым су жайылымдар, шабын шөптер, тағы сол сияқты салаға бөлінді.
Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға жұмсалатын шығыстарды субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөніндегі жұмыстар басталды. Бұл шара 2030 жылға қарай суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлерді 1,3 млн гектарға немесе 50%-ға дейін жеткізуге ықпал етеді. Сонымен қатар Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге және өнімділікті 1,5-2 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған іс-шараларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше шақырымға дейін су жинауға, үнемдеуге және суармалы жерлердің жаңа алаңдарын 2,5 млн гектарға дейін жеткізуге жағдай жасайды.
Сарқынды суларды тазарту технологиясын белгіленген нормаға сәйкес қолдана отырып, кәріз құбырларын тазарту, объектілерді жаңғырту және жаңа объектілерді салу ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп секторларында тазартылған сарқынды сулардың әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді.
Сарқынды суларды тазартып, қайта пайдаланудың әлемдік тәжірибесін енгізуде Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Денсаулық сақтау министрліктері және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында келісілген іс-қимылдарды әзірлеу орынды.

Бизнес объектілеріне жауапкершілік күшейеді
Жаңа су кодексін әзірлеу барысында суды тұтынуды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, ынталандыру шаралары қарастырылды. Кодексте су пайдаланушылардың жалпы міндеттері туралы нормалар жазылған. Мысалы, суды тазартып, қайта пайдаланатын технологияларды енгізу қажеттілігінен басқа, суды пайдаланушылар жалпы айналым және қайта пайдалану су көлемі бойынша ақпарат беруге міндетті.
Бұл ретте суды пайдалануға рұқсат құжаттары (арнайы су пайдалануға рұқсат) айналымды және қайталама сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен (5 жылдан аспауы керек) көшу жөніндегі жоспар болған кезде ғана беріледі.
Өтпелі ережелерде осы жоспарлар жаңа Су кодексі қолданысқа енгізілген күннен бастап 2 жылдан кешіктірілмей әзірленуі тиіс деген шарт көзделген.
Ағынды суларды пайдалануға қатысты – қолданыстағы Су кодексінде оларды белгіленген экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес суару үшін ғана пайдалану қарастырылған. Ал жаңа Су кодексінің жобасында тазартылған сарқынды суларды пайдалану негізгі міндеттердің бірі ретінде көзделген. Осылайша, тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану су қорын үнемдеуге мүмкіндік бере отырып, оны пайдаланушылардың жауапкершілігін арттырады.

Трансшекаралық су ресурстары мәселесі қалай шешіледі?
Министрлік көршілес елдер арасындағы трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты қолданыстағы үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырады.
Келісімдерге сәйкес трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтарының отырыстары өтіп жатыр. Оның аясында трансшекаралық өзендердің негізгі мәселелері қаралып, ортақ шешім қабылданады.
Трансшекаралық өзендердің суын пайдалану, оның қорына байланысты және ол мәселені бірлескен комиссиялар келісе отырып шешеді.

Ауыз суға жаңа тариф енгізіледі
Суды үнемдеп тұтыну мәдениетін қалыптастыру – министрліктің алға қойған басты мақсаттарының бірі. Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселеде алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін назарға алыпты. Жаңа Су кодексінде кәсіпорындардың суды үнемдеуіне, тазартуына және қайта пайдалануына ерекше мән берілмек.
Сонымен қатар жаңа Су кодексінде Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен ауыз суға жан басына шаққандағы тұтыну көлемі бойынша сараланған тариф енгізу тетігі қаралған.

Биылдан бастап Аралды құтқару қорына Қазақстан төрағалық етеді
Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу мақсатында 2008 жылы Көк-Арал бөгеті салынған, ол өз кезегінде Сырдария өзенінің су ресурстарын бөлу бойынша құжатқа сәйкес су беруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Сырдария өзені бассейнінің шектес мемлекеттерімен су қатынастары «Мемлекетаралық көздердің су ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы келісім негізінде реттелген. Осы келісімнің нормаларына сәйкес Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау мақсатында мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы жұмыс істейді.
2024 жылдан бастап халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Алдағы 3 жыл бойы еліміз аталған ұйымды басқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін халықаралық Аралды құтқару қорының Президенті болып сайланды.
Аталған қор Аралды құтқару және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады.
Жыл сайын Сырдария өзені арқылы Арал теңізіне 3-тен 5 текше шақырымға дейін су ағады, бұл Солтүстік Арал теңізінің деңгейін 42 метр белгісінде тұрақты ұстауға мүмкіндік береді.

Су саласы кадрлары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында даярланады
Биыл елдегі су саласы қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға көтерілді, бұл үрдіс жалғаса бермек.
Бүгінде елімізде 10 оқу орны су саласы мамандарын даярлайды, онда 2500-ге жуық студент оқып жатыр.
Ведомство су саласын меңгеріп жатқан студенттердің министрлікке қарасты ұйымдарда тәжірибеден өтуі үшін жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюды жоспарлап отыр. Қажет болған жағдайда ұйым мен студент арасында шарт жасалып, онда өндірістік практикадан өтудің қаржылық шарттары жазылмақ. Демек, өндірістік практикадан өту кезеңінде студент жалақы алады.
Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге су ресурстары саласында кадрларды даярлау мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткен. Сонда мәлім болғанындай, су саласында жаңа мамандықтар енгізіліп жатыр, мысалы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «су дипломатиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі.
Сонымен қатар «Болашақ» халықаралық бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, онда «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» секілді су мамандықтары қосылды. Биылдан бастап қазақстандық студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала бастайды.