Тарих пәні оқулықтарын қайта саралау қажет — тәжірибелі ұстаз

Қазіргі таңда мұғалім болу үшін де жаңаша көзқарас қажет. Әлем кеңістігінен лайықты орын алу үшін міндетті түрде саналы, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ал ұрпақтың тарихи өзгерістерге, оқиғаларға өзіндік, жаңа көзқарасын қалыптастыру — тарихшы-ұстаздардың төл мәселесі. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепный ауылындағы облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі Күләш Наурызғалиева Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

күләш наурызғалиева
Фото: мұғалімнің жеке мұрағатынан

— Күләш Ахранқызы, өткен жыл несімен есте қалды, қандай табыстарға жеттім деп ойлайсыз?

— Менің өмірдегі бақытым — жүрек қалауымен ұстаз болуым. Ұстаз болу — жәй ғана мамандық емес. Ол — адам бағдарын жасаушы. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет» деген дана сөзі еске түседі. Ұстаз болу үшін жоғары педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. «Ұстаздық» атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы деңгейіне жеткенде ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін.

Ұстаздық еткеніме тура 41 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде педагогика саласында бірқатар қызметтер атқардым. Атап айтсам, пионер вожатый, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, интернат меңгерушісі, мектеп директоры.

2001 жылы ашылған «Үміт» лингвистикалық гимназиясының аудан, облыс, республика көлемінде елеулі табыстарға жетіп келе жатырған оқу орны екендігін көпшілік біледі. Қазір Абай есімін алып отырған білім ордасының алар асуы бұдан да биік.

күләш наурызғалиева
Фото: ұстаздың жеке архивінен

Қазақтың болашағы үшін даңғыл жол салған Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім — мектептің жүрегі» деп айтқаны мәлім. Мен өзімді өзім жұмыс жасап жүрген гимназияның жүрегімін деп есептеймін. Ол үшін мен мектептің жанын кіргізердей дәрежеде болуға тырысып жүрмін. Өз ісіме ықыласпен ден қоя отырып, құзырлы мұғалім ретінде бала жүрегінен әрдайым орын алып, әр баланың маңдайына жұлдыз тағып жүрмін деп ойлаймын.

Оған дәлел ретінде оқушыларымның тек соңғы үш жылдағы басты жетістіктерін айтсам да болар деп ойлаймын. Мысалы, 2020 жылы 11-сынып оқушысы Сағындық Жұмағалиев «Менің Отаныма — менің бастамам» облыстық жобалар байқауында «100 жаңа есім» бағытында «Жаныңда жүр жақсы адам» атты зерттеу жұмысын қорғап, бірінші орыннан көрінді. Сосын республикалық байқауға қатысып, сертификатқа ие болды.

Әли Үмбетәлі 2021-2022 жылдары құқықтану пәні бойынша облыс қана емес, республикалық пән олимпиадасында үздік шығып, алтын медальді еншіледі. 2021 жылы 10-сынып оқушысы Аяулым Қайырова облыстық «Менің кіші Отаным» жас тарихшылар байқауының республикалық кезеңінде бірінші орынға көтерілді. 2022 жылы 11-сынып оқушысы Қарақат Талғат құқықтану пәні бойынша республикалық пән олимпиадасында үздік үштікке ілігіп, қола медальмен марапатталды. Ал сол кезде 10-сыныпта оқыған Фатима Мерекеева дәл осындай байқауда күміс медальді, 2023 жылы қола жүлдені жеңіп алды.

Бұған қола медальға ие болған 11-сынып оқушысы Дильназ Юсупованың жетістігін қосуға болады. Облыстық байқауларда топ жарып жүргендерді айтып отырғаным жоқ. Менің табысым — шәкірттерімнің жетістігі. Мен үшін үлкен марапат — солардың қуанышы мен ата-аналарының алғысы. Жалпы, 2023 жыл республикалық «Үздік педагог» байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы атануыммен есте қалды.

— Қазіргі таңда Қазақстан тарихы пәні қалай оқытылып жатыр? Тәжірибелі пән мұғалімі ретінде өз ой-тоқтамыңызды білдірсеңіз?

— Тарих — тарихшылардың төл мәселесі. Қазақстан тарихын сақтап қалу, жаңғырту — алдымен тарихшыларға түсетін ауыр салмақ, жауапты міндет. Бүгінде тарихи үдеріске өзіндік өзгерістер әкелген оқиғаларға жаңа көзқарастар пайда болып, оқытудың тың әдістері қалыптаса бастады. Әлем кеңістігінен орын алу үшін міндетті түрде саналы, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнының да мақсаты осы.

мұғалім
Фото: ұстаздың жеке архивінен

Сабақта оқушының ой, іс-әрекет белсенділігін арттыратын белсенді оқыту тәсілдерін кеңінен пайдалана отырып, топпен, жұптасып жұмыс жасаған кезде шығармашылықтарын арттыратын тапсырмаларды көбірек пайдаланамын. Тарих сабағында оқушының танымдық белсенділігін арттыру, іскерлік дағдыларын қалыптастыру мақсатында жаңа инновациялық технологияларды баланың жас ерекшелігіне сай пайдаланудың маңызы зор.

«Қызықтырарлық мұғалім болса, қызықпайтын бала жоқ» демекші, қызықты сабақ болса, оқушының сол пәнге қызығушылығы артып қана қоймай, мұғалім жаңалығы, ізденісі, қолданған әдісі арқылы екшеленіп, бала жүрегінен жол табады. Оқушы мен ұстаз арасында сыйластық болмаса, берген білімнен нәтиже шыға бермейді.

Қазіргі таңда Қазақстан тарихын оқытудағы ең өзекті мәселелердің бірі тарихымыз арқылы жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу болып отыр. Мұны тарихи оқиғаның тек саяси бағыттарына ғана баса назар аудармай, рухани, мәдени, әлеуметтік, этнопсихологиялық және басқа тұстарына жан-жақты тоқтала отырып, оқыту арқылы жүзеге асыруға болады. Ғаламтор мен дами түскен әлеуметтік желі Отан тарихын тану, білу, сараптау үшін оқушыларға да, пән мұғалімдеріне де қолжетімді болып отыр. Бірақ тарихи оқиғаларды талдау, хронологиялық дәуірлеу мәселесінде олқылықтар көп.

Тарих ғылымы мен оны оқытудағы олқылықтарға тоқтала кетсем. Біріншіден, мектепте оқытылатын оқулықтардың әр түрлі баспадан, әр түрлі авторлармен шығуы, ондағы келтірілген даталардың әр түрлілігі оқушылардың тарихқа деген сенімін төмендетіп отыр. Бұл өз кезегінде мұғалімге де қиындық туғызады. Тарих оқулықтарында тек өз дәйегін дұрыс деп есептейтін авторлардың пікірлері де кездесіп қалады.

Екіншіден, оқулықтағы кемшіліктер жыл сайын өткізілетін қорытынды аттестаттау және ҰБТ-ға дайындық кезінде де оқушыларға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан тарих пәні оқулықтарын қайта саралап, бір баспадан шығарса және тарих пәнінен оқулық жазғанда, авторлар Бүркіт Аяғанның тарих ғылымына математикалық дәлдікпен қарау керек деген ұсынысын басшылыққа алуы тиіс.
Ұзақ жыл жұмыс жасаған тәжірибелі мұғалім ретінде ұсыныстарым да бар.

мұғалім
Фото: ұстаздың жеке архивінен

Алдымен Отан тарихын тарихи тұлғалар арқылы оқыту керек. Тұлғаларды таныту методологиясын мектеп бағдарламасына, оқулықтарға енгізуіміз қажет. Тұлғалар арқылы тарихты таныту мақсатында «ХХ ғасырдағы өлкемізден шыққан Алаш зиялылары» авторлық бағдарламамды ұсындым, қазір облыс мектептерінде оқытылып жатыр. Бұл еңбекте күнбатыс өңірінде Алаш қозғалысын жандандырып, елдің елдігі үшін еңбек еткен тарихи тұлғалардың бәріне дерлік тоқталып, мұғалімдерге дайын бағдарлама ұсындым.

Осы сияқты әр тарихи кезеңнің тұлғаларын таныту мақсатында еңбектер жазылса деймін.
Сол секілді тарихымызды хронологиялық тізбектермен оқытқаннан гөрі тарихи оқиғалармен оқытқан жөн сияқты. Өйткені отандық тарихнамамызда деректерде сәйкестік жоқ.
Қоғамдағы пікірлерге зер салсақ, Қазақстан тарихы зеріктірерлік, қызықсыз, бағдарламасы тығыз деп айтып жатады. Сонымен қатар тарихи оқиғаларға, тұлғалардың өмір сүру уақытына қатысты қайшылықты деректер екіұшты пікірлер туғызып отырғаны шындық. Осы мәселенің шешімін табу үшін тарихи оқиғаларды тарихи романдар, повестермен, пьесалармен, кинофильмдермен сабақтастыра оқытса, өз жемісін берері сөзсіз. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, оқиғалар мен тарихи тұлғаларды тереңірек тануына септігін тигізеді деген ойдамын.

— «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді, жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма?

— «Шәкіртсіз ұстаз тұл» екені рас. Шәкірті өзінен оза шапса, ұстаз үшін содан асқан бақыт жоқ. Осынша жыл еңбек еткенде, өзімнің жолымды қуған 20-ға жуық шәкірттерім бар екен. Олар қазір еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет жасап жатыр, ЖОО-да оқып жатқандары да бар. Мұғалімдік қызметтен көтеріліп, саяси басшылықта жүргендері жетерлік.

Жәнібектің ақыны болып, әдебиет саласында жүрген кезімде оқушылар айтысына дайындаған шәкірттерім, кейін республикалық жыр сайыстарында олжа салған Гүлжайна Бисенғалиева мен Айнагүл Кәрімованы да ерекше айта аламын. Бұдан бөлек Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, археологияда білдей маман, мектепте мұғалім, мемлекеттік қызметте әкім, құқық саласында қызмет етіп жүрген шәкірттерімді мақтан етемін.

— Бала тәрбиесіне ата-ана да жауапты. Осыған байланысты не айтар едіңіз?

— Отбасы — тәрбиенің негізгі бастауы мен басты тірегі. Тәрбиенің алғашқы сабағын бала адамгершілік қасиет пен тәрбие беру ісінің негізі қаланатын отбасынан алады. Отбасылық тәрбиеде қазақ халқы әрқашан баланың жас ерекшеліктері мен жеке дербестігін ескерген. Мұны «Баланы бес жасқа дейін төредей күт, бестен он үш жасқа дейін құлдай жұмса, он үш жастан бастап досыңдай сырлас» деген мақалдан көруге болады.

Яғни он бес жасқа дейінгі баланың еркелігі мен тентектігіне түсіністікпен қараған. Отбасылық тәрбиеде кішкентай балаларға мейірімділік пен жүрек жылуын беруге тырысқан. Халықтың дүниетанымы бойынша, көңілге қаяу түсіретін, жүрегіне мәңгілік жара салатын, әлімжеттік, ұрып-соғу әдістері әдістерін қолданбаған. Баланың қалыптасуында ата-ананың үлгісі мен тәрбиесі маңызды рөл атқарған. Ең бір жағымсыз жағдайда ғана балаға қатысты тыйым сөздерді қолданған.

мұғалім
Фото: ұстаздың жеке архивінен

Қай заман, қандай кезең, қандай жағдай болмасын, қазақ отбасы баланы өз заманының азаматы етіп қалыптастыратын тәрбие институты болып қала беруі керек. Бала тек отбасында ғана толық жетіле алады. Десек те, қазір отбасы мүшелері күнделікті тірліктің күйбеңімен кетіп, бала тәрбиесіне көңіл бөлмей бара жатқандай көрінеді. Отбасылар, тума-туысқандар, достар арасындағы бәсекелестік, дүниеқоңыздық, мансапқорлық бала тәрбиесіне нұқсан келтіруде. Мінген қымбат машинасы мен зәулім үйіне, жыл сайын шетелге барғанына масаттанып жүріп, балаға адамгершілік, ар-ұят, ұждан тәрбиесін беруді ұмытып бара жатқандай.

Ата-анасының махаббатына кенелмеген бала өзін бұл дүниеде жалғыз қалғандай сезініп, ол бара-бара іш пікірін кімге айтарға білмей қиналады. Өзінен алшақтап кеткен (бір үйде тұрса да) ата-анасынан мейірім көрмей, бір «айналайынын» естуге зар болып жүрген балалар қаншама десеңізші. Әсіресе, жасөспірім шақта қыз бала анасымен, ұл бала әкесімен сырласқанды қалайды. Араларында кішкентайынан шынайы қарым-қатынас болмаса, өз баласын шын жүрегімен сүйетінін, оған сенетінін ата-ана дәлелдеп, көрсетпесе, тәрбиенің мәні қалмайды. Балаға әкесі мен анасының арасындағы қарым-қатынастан асқан тәрбиенің қажеті жоқ.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп ата-бабаларымыз ұрпақты шеберлікке баулудағы ата-ана ролін айтқан кезде, баланың өз ата-анасының өмір сүру үлгісімен тәрбиеленетінін мегзеген еді. Сондықтан ата-ананың да баласының алдында міндеттерін түсінуі, оның болашағы үшін өз білімін көтеруі, арнайы мамандардың кеңестеріне құлақ түруі де — қажеттілік Һәм уақыт талабы.

Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» ұсынылды. Бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» мақсаты: жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. Сонымен қатар бағдарламада ата-аналармен жүргізілетін жұмыстар да белгіленген.

Гимназиямызда осы бағытта оқу жылының басынан «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» сабақтары өтіп жатыр. Қыркүйек айында 10-11-сынып ата-аналарымен «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу», 7-9-сынып ата-аналарымен «Баланың бас ұстазы — ата-ана» атты тәрбиелік шаралар ұйымдастырылды. Ал қазан айында «Ақыл айтпа, жол көрсет», «Көркем мінез — баға жетпес байлығың» деген тақырыптар таңдалып алынды. Бұл шаралар жыл бойы өз жалғасын тауып, ата-аналарға үлкен көмегін тигізеді деген үміт бар.

— Соңғы сауал, қазіргі оқу процесін қалай жетілдіруге болады?

— «Бала жүрегі — кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында сол кілт жүру керек» деп Мұхтар Шахановтың айтқанындай, қазіргі оқу процесін жетілдіру ұстазға байланысты. Жаңа бағдарламалар, тамаша әдістемелік құралдар, жаңа техникалық құралдар, жаңа реформалар қажет. Бірақ олар мұғалімнің бар зейінімен берген сабағынан асып түсе алмайды. 45 минуттық сабақ оқушы үшін ғылымды тану, қоғамды тану және тәлім-тәрбие сағаты болуы керек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді қазақта.
Баланың жақсы болуы ұстазына да байланысты.

Өз мамандығын жақсы көретін, өз пәнінің шебері, шыншыл да әділ мұғалім алдына келген баланы өз баласындай сүйіп, әрқайсысының жүрегіне мейірім шуағын төге біледі. Сондай ұстаздың тәрбиесін көрген бала өз отбасынан таппаған бақытты мектептен табады. Қазіргі балалардың білімінің төмендігін смартфон, гаджеттерден көреді. Телефон ұстау — заман талабы. Баланың келіп, кету қауіпсіздігі бар. Егер де баланың алдында өзін қызықтыратын пәнді беретін ұстазы болса, ол сөмкесінен телефонын алмас еді.

Сондықтан оқу процесін жетілдіру үшін ұстаздарға оқытудың төмендегідей жолдарын ұсынар едім.

Біріншіден, ұстаз міндеті өз пәнін шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу — біздердің, ұстаздардың бұлжымас борышымыз.

Екіншіден, мұғалім шын мәнінде баланы жан-тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірім, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады.

ұстаз
Фото: ұстаздың жеке архивінен

Үшіншіден, балаға үнемі қолдау көрсету — үлкен мәнді гуманистік ізгі ұстаным. Оның астарында небір қағидалар бар: шәкіртін жақсы көру, оның адами өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.

Төртіншіден, мұғалім әр оқушының мінез-құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ететін сабақтарына бейімдеу қажет. Бұл сабақтар ғибратты да әсерлі болуы тиіс.

Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар мен бағдарламалар белгілейді. Ал «Қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауапты тек мұғалімнің кәсіби даярлығы, шеберлігінен іздеу керек.

— Әңгімеңізге рахмет. Ұстаздық жолдағы еңбегіңізге табыс тілеймін. 

Соңғы жаңалықтар