Тарих таңбасы: Қуғын-сүргін құрбандары толық ақталды ма?

АСТАНА. KAZINFORM – Өткенге баға беру уақыт пен жүйелі ізденісті қажет ететіні түсінікті. Бұл ұстаным қуғын-сүргін құрбандарына қатысты да қолданылатын секілді. Олай дейтініміз, ғасырға жуық уақыт өтсе де саяси қудалауға түсіп, жазықсыз жапа шеккен азаматтарды зерттеу, оларды ақтау толық аяқталған емес. Осы ретте Kazinform тілшісі тақырып тінін тарқатып, келешек жоспарды сараптап көрді.

репрессия
Коллаж: Kazinform / Freepik / Pexels / Den-der.kz / Bettmann/CORBIS

Зұлмат басы

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының нақты санын немесе ұлттық жіктемесін дөп басу қиын. Өйткені ХХ ғасырдың бас шенінде сыртқы күшке қарсы қайрат көрсеткен қазақтар, тағдыр тәлкегімен жерімізге табан тіреген өзге ұлттар көп. Олардың бәрін толық қуғын-сүргін құрбандары санатына жатқызу әлі жүзеге аса қойған жоқ. Енді ғана мұрағат дерегі ашылып, алғашқы қадам жасалып жатыр.

Жалпы, тарихшылар Қазақстандағы алғашқы ауқымды репрессия басталған уақытты 1928 жыл деп көрсетеді. Себебі 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы қызметіне Ф. И. Голощекин тағайындалып, зұлмат кезеңнің бірін бастаған болатын. «Кіші Қазан» революциясын жасау деген желеумен халықтың тұрмыстық ахуалын әлсіретіп, зиялыларға ауыз салғаны мәлім. Осылайша, 1930 жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Басым дені саясат, ғылым, өнер саласының өкілі еді.

Бұл бізде ғана орын алған зұлмат десек, әділетсіз болар. 1930-1953 жылдары, яғни ширек ғасырда 40 миллионнан астам кеңес азаматы репрессияға ұшыраған. Әр ұлттың ойы озық, рухы еркін интеллегенциясы нысанаға ілікті. Кейбірі Қазақстандағы арнайы лагерге (ГУЛАГ) қамалды. Олардың қатарында Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері (АЛЖИР), Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Дальний, Степной, Песчаный, Камышлаг, Ақтөбе, Жезқазған лагері, Петропавл лагері, Кеңгір және Өскемен лагері бар-тын. Қуғын-сүргін жылдары аталған лагерлерге 5 миллионнан астам адам жер аударылған.

ркпрессия
Инфографика: Kazinform

 

Оған қоса қазақ жеріне күштеп көшірілген Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары қаншама. 1930-1940 жылдары миллиондаған адам Қазақстанға депортацияланды. Тек 1937 жылдың өзінде мыңдаған түрік, әзербайжан, кәріс, күрдтер елге қоныс тепкені белгілі. Бұл қудалау тәсілі ҰОС жылдарында да жалғасып, 1 миллионнан астам адам шарасыз ел кезді. Қазір Қазақстанда өмір сүретін неміс, грек, шешен, ингуш, қарашай, балқар этносының көбі — осы тағдыр жолымен келген халықтың ұрпағы.

Құрбан саны қанша?

Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың ерекшелігі — жан санының 40 пайызынан айырылуы, ұлттың бетке ұстар тұлғаларының қуғындалуы. Қанқұйлы заманда Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Халел Досмұханбетов секілді қайраткерлер оққа ұшты. Саяси ғылымдар докторы, алаштанушы Әбдіжәлел Бәкірдің пікірінше, Кеңес үкіметіне зиялыларды абақтыға тоғыту қиынға соқпаған. Кез келген пікір мен ұстанымнан қылмыс көріп, еркін ойлы азаматтарды жаншуға тырысты.

ғалым Әбдіжәлел Бәкір
Фото: aikyn.kz

— Бар мәселе мемлекеттің саяси жүйесіне байланысты болды. Тек коммунистік партияның, оның бірінші басшысының үстемдігіне негізделген, табиғатында қайшылықты тоталитарлық жүйе болған социализм қоғамды таптарға ғана бөліп қойған жоқ, оның бірін екіншіге қарсы қойды. Кедейді бай етудің орнына байды кедей етіп, кедейлердің байларды жоюын мұрат еткізді. 

Саясат пен идеологияда «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген атаулар үстемдік құрды. Сонымен қатар халық арасында сирек болса да кездесіп қалатын озықты көре алмаушылық, қызғаншақтық сияқты фактілерді тиісті органдар тиімді пайдаланды. Әйтпесе бір өзі бір мемлекеттің жұмысын атқарған Темірбек Жүргеновті әкесінің бай болғанына байланысты «халық жауы» деп қатардан кетіргенге сену қиын, — дейді тарихшы.

Алаштанушының сөзінше, солақай саясаттың салқыны тек зиялы қауымға емес, қарапайым халыққа да бағытталды. Мақсатты түрде ұйымдастырылған нәубет салдарынан жаппай ашаршылық жайлап, 2 миллионға жуық адам жан тапсырған. 200 мың қазақ ел асып кетті, біршама ауыл қаңырап қалды.

— ХIХ ғасырдың екінші жартысынан үлкен аймақты алып жатқан қазақ елі түгелдей патшалық Ресейдің отарына айналды. Бұрын көшпенді өмір салтындағы халық еріксіз отырықшылыққа бағытталды, артық жер жаңадан көшіп келушілер қорына ығыстырыла бастады. Қуаңшылықтан егіннің өнім бермеуі, жайылымда шөптің болмауы, малдың жұтқа ұшырауы секілді объективті факторларға дау жоқ. Алайда отарлық саясат бұл факторларды күшейте, арттыра түсті. Халық жан‑жаққа үдере көшіп, мыңдаған адам аштыққа душар болды, — дейді ғалым.

Үш жылда 311 мың адам ақталды

Саясатта жаңа жүйе өзіне дейінгі кезеңді мансұқтайтын дәстүр бұрыннан бар. Кеңес Одағында да бұл тәсіл кең қолданылды. Мысалы, қаншама халықты қырғынға ұшыратқан И.Сталин дүние салған соң билікке келген Н.Хрущев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесін бастағанын білеміз. Айтылмаған шындық, жазықсыз жала жария болды. Осылайша, кеңестік жүйе күйрегенше қудалауға түскен арыстардың бірінен соң бірі әділ бағасын алып жатты.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі жаңа кезеңге бет бұрды. 1993 жылғы 14 сәуірде арнайы құжат — «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданып, 2020 жылға дейін 340 мың адам ақталды. Ал 1997 жылы Президент жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланған.

Ақтау шарасының ең маңызды қадамы кейінгі жылдары орын алғанын айта кеткен жөн. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Соның нәтижесінде 2020-2023 жылдары жұмыс істеген Мемлекеттік комиссия 311 мың адамды ақтауға сеп болған еді. Осылайша, Тәуелсіздік жылдары аралығында ақталған азаматтардың саны 650 мыңнан асты.

Бұған дейін ақтау ісінің  басы-қасында жүрген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ғалымдар мыңдаған құжатқа қол жеткізгенін әрі ақтау әлі де жалғасатынын айтқаны есте.

репрессия
Инфографика: Kazinform

«Барлық аймақта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жергілікті комиссиялар құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым, зерттеуші мен сарапшы еңбек етті, оның 260-тан астамы аймақтық комиссияның құрамында болды. Елдің барлық аймағындағы 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивтегі материалдар зерттелді. 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. 

Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адам ақталды. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен баспаға дайындалды. Алдағы уақытта саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырады», — деді Мемлекеттік кеңесші.

Бүгінде қуғын-сүргін құрбандарының бірыңғай мемлекеттік қоры жасақталған. Мұнда құрбандардың аты-жөні арқылы барлық тиісті құжатты табуға болады. Оған қоса 2023 жылы әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша 31 томдық құжат жарыққа шықса, өткен жылы Алаш қозғалысының тарихына қатысты архив материалдарының 12 томы оқырманға жол тартты. Сонымен қатар 2,4 миллионнан астам мұрағат карточкасынан «құпия» статусы алынып тасталды. 

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарының саны әлі де көп деген ойда. Айтуынша, ақтау кезегін күтіп тұрған миллиондаған адам бар. Әсіресе, саяси өмірге қатыспаса да, жазықсыз зардап шеккен бай-сұлтандардың балаларына да назар аудару керек.

Еркін Әбіл
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Олар ештеңе істемесе де, жазықсыз болса да қамалды. Оларда „кереғар“ әлеуметтік жағдай орнады. Бұлар сұлтандар мен байлардың балалары еді. Патша өкіметі кезінде мемлекеттік органдарда аудармашы немесе іс жүргізуші болып жұмыс істегендер немесе олардың туыстары қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың барлығы сайлау құқығынан айырылғандар қатарында болды. Оларға қалаларда тұруға немесе жоғары білім алуға рұқсат етілмеді. Бұл да репрессия. Олар лагерьлерге жіберілмеді, бірақ жазаланды. Осы адамдарды есепке алғанда, қазірдің өзінде үш миллионға жуық қуғын-сүргінге ұшырағандар бар екені белгілі болды», — деді депутат. 

Тарихтың ақтаңдақ беттері терең зерттеуді талап етеді. Қазір Мемлекеттік комиссия бастаған жұмыс жалғасын тауып, қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың жаңа кезеңі жоспарлануда. Бұл қадамдар жай ғана құрбандар есімін әділетсіз таңбадан тазарту емес, тұтас ұлттың ұмтылған арманын насихаттаудың төте жолы болмақ.

Соңғы жаңалықтар