Qarmet №8 кокс батареясының отқа төзімді қабатын қалау жұмыстарын бастады

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM – Металлургия комбинатында соңғы онжылдықтардағы кокс-химия өндірісін жаңғыртуға бағытталған ең ірі жобалардың бірі жүзеге асырылуда. Жаңа қуаттар ескірген агрегаттардың орнын алмастырып қана қоймай, шикізатты дайындаудан бастап болат өндіруге дейінгі бүкіл өндірістік циклдің тұрақтылығын арттыруы тиіс.

яы
Фото: Qarmet

Qarmet металлургия комбинатында №8 кокс батареясының отқа төзімді қабатын қалау жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсім өтті. Болашақ агрегаттың алғашқы кірпіштерін «Qarmet» АҚ Басқарма төрағасы Петр Трушин және ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation компаниясының бас директорының орынбасары Ван Минден қалады. Іс-шараға құрылысшылар, инженерлер, кокс-химия өндірісінің мамандары және жобаны іске асыруға тікелей қатысып жатқан компания қызметкерлері қатысты.

Қалау жұмыстарының басталуы Qarmet-тің ірі инвестициялық жобаларының біріндегі жаңа тарихи белеске айналды. Комбинатта мұндай ауқымдағы жаңа кокс қуаттарының құрылысы ондаған жыл ішінде алғаш рет жүргізіліп отыр. Іс жүзінде бүгінде кәсіпорында 1960 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан агрегаттардың орнын басатын кокс-химия өндірісінің жаңа буыны қалыптасуда. №8 және №9 кокс батареялары кәсіпорындағы ең заманауи әрі өнімділігі жоғары агрегаттардың қатарында болады. Кешеннің жалпы жобалық қуаты жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс өндіруді құрайды. Жаңа қуаттар жобалық көрсеткіштеріне шыққаннан кейін №1–4 батареяларды кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару жоспарланып отыр.

в
Фото: Qarmet

«Qarmet үшін жаңа кокс батареяларының құрылысы – шын мәнінде тарихи оқиға. Ондаған жыл ішінде алғаш рет комбинатта осындай ауқымдағы жаңа кокс қуаттары құрылып жатыр. Бүгін біз алғашқы отқа төзімді қабатты қалау жұмыстарын бастап отырмыз және №8 кокс батареясын 2027 жылдың қараша айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны жүзеге асырып жатқан Qarmet қызметкерлеріне, сондай-ақ кәсібилігі, жауапкершілігі және терең инженерлік сараптамасы үшін серіктесіміз ACRE компаниясына алғысымды білдіремін», – деді Петр Трушин.

Жобаның маңызы бір өндірістік учаскені жаңартумен ғана шектелмейді. Кокс домна өндірісінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болғандықтан, жаңа батареялар домна өндірісін сенімді қамтамасыз ету деңгейін арттырып, Qarmet-тің өзіндік шикізат базасын және бүкіл металлургиялық циклдің тұрақтылығын нығайтуға тиіс.

а
Фото: Qarmet

Жаңа агрегаттар заманауи технологиялық шешімдерді қолдана отырып салынуда. Кокс массасының біркелкі қыздырылуы дайын кокстың сапасына оң әсер етеді деп күтілсе, газдарды тазартудың заманауи жүйесі өндірістің қоршаған ортаға әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Ескірген қуаттарды ауыстыру автоматтандыру, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндіріс тиімділігі деңгейін арттырып, шығындарды азайтуға әрі еңбек жағдайларын заманауи талаптарға сай етуге мүмкіндік береді.

№8–9 батареялардың құрылысы үшін шамамен 55 мың тонна отқа төзімді материал жеткізу көзделген. Қолданылатын материалдар жоғары температура жағдайында жұмыс істеуге есептелген және болашақ агрегаттардың беріктігін, герметикалығын әрі ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиіс.

«ACRE компаниясының атынан осы маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін №8 кокс батареясы оның құрылысы барысындағы негізгі кезеңдердің бірі саналатын отқа төзімді қабатты қалау жұмыстарына ресми түрде кірісті. Qarmet компаниясына білдірген сенімі үшін алғыс айтамын. Бұл жұмыс жоғары дәлдікті, технологиялық талаптарды қатаң сақтауды және кәсібилікті талап етеді. ACRE және Qarmet мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында барлық қажетті талаптарды орындап, бұл жобаны сәтті жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді Ван Минден.

в
Фото: Qarmet

Сонымен қатар №9 кокс батареясының алаңында да құрылыс жұмыстары қатар жалғасуда. Оның ішінде инфрақұрылым нысандарын тұрғызу және металл конструкцияларды монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

№8–9 батареялардың құрылысы кәсіпорын үшін соңғы онжылдықтардағы өндірістік қуаттарды бұрын-соңды болмаған ауқымда жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Сонымен қатар Qarmet-те жаңа сортты прокат кешені, ыстық мырыштау және полимерлік жабындар желісі, құю-прокат кешені және басқа да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде комбинат аумағында алдағы ондаған жылға оның технологиялық дамуын айқындауға тиіс өндірістердің жаңа буыны қалыптасып келеді.