Тарихи орындар қазба жұмыстарынан кейін қараусыз қалмауы тиіс - ғалым

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Археологиялық жәдігерлер табылып, қазба және зерттеу жұмыстары жүргізілген тарихи орындар қараусыз қалмауы тиіс. Ақтауда өтіп жатқан «Тарих толқынындағы Маңғыстау» халықаралық ғылыми конференциясы барысында әзербайжандық ғалым осындай мәселе көтерді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Біз археологиялық жәдігерлерді тауып, қазба және зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, бұл тарихи орындарды қараусыз қалдырмау мәселесін де қатар көтереміз. Өйткені, сан ғасырлар бойы жер астында жатқан мұралар ашылып, көрініп жатқандықтан, оларға жел, жаңбыр сияқты факторлар кері әсер етуі мүмкін. Біз осының алдын алып, тиімді шараларды қолдануымыз қажет», - деді конференцияға арнайы шақырылған Әзербайжан құрылыс және архитектура ғылыми зерттеу институтының профессоры Низами Юсифов.

Еліміздің археологиялық және архитектуралық ескерткіштерінің 35-40%-ы Маңғыстау облысында, Үстірт жазығында орналасқан. Бірқатары кейінгі он жыл көлемінде жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде анықталды.

«Маңғыстау – ерте тас ғасырынан бастап, осы күнге дейін көптеген обьектілер сақталған бай өлке. Мұндағы жерасты мешіттері мен балбал тастар, петроглифтердің қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі зор», - дейді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Мұрат Қалменов.

Конференция Маңғыстаудағы тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғау жолдарын қарастыруды мақсат етеді. Шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркия елінен 30-ға тарта ғалым шақырылған.


Соңғы жаңалықтар