Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады - Елбасы Н. Назарбаев

аусымның 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Керей мен Жәнібек хандардың монументальды мүсіндік-көркем композициясын ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде осылай деді.
None
None

«Ұлы бабаларымызды ұлықтау ұлыстың ұйысына айналған іргелі ұлт ретінде өркен жаюымызға бағытталған ауқымды шара болып табылады. Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Кешегімізге көрсетілген құрмет, келешегіміздің жарқын болуына жол ашады. Сондықтан да, өскелең ұрпақ өшкенін танып, болашағын бағамдау үшін мұндай ескерткіштер ел ордасында әр уақытта да қажет. Ендеше ұлы хандарымызға арналған еңселі ескерткіш құтты болсын. Астана абыройы асқақтап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын», деді жиналған қалың жұртшылықты құттықтаған Елбасы Н. Назарбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының негізін қалушы алғашқы хандар - Керей мен Жәнібек ескерткіші елордадағы ҚР Тұңғыш Президенті Мұражайы алдындағы саябақта орнатылды. Композияция тұтас өз тұлғаларымен жаңа хандықтың ірге көтеруі, еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады. Әрбір мүсіндік бейне өзіндік ерекшелікке ие : қазақ хандығының тұңғыш басшысы болу жолы берілген Керейдің қазақы ер-тоқымда мығым отыруы және ерлік пен өрліктің, дала көшпенділеріне тән тас-түйін тұлғалы толық бойымен тік тұрған Жәнібектің бейнелері сол кездегі олар құрған қазақ хандығы оқиғасының мазмұнын ашып тұр.

Сондай-ақ композицияда хандардың қолдарына сығымдап, қадай ұстаған ту бейнеленген. Бұл көрініс жаңадан құрылған хандықтың беріктігін, тұрақтылығын, өр рухты мақсаттарды көздеген өміршеңдігін аша түседі. Бұл орайда, композиция тарихтың үздіксіздігі мен дәуірлер сабақтастығын білдіреді.

Соңғы жаңалықтар