Тарихи жеңіс: Өзбекстан басшысы паралимпиадашыларды марапаттады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстандық спортшылар Парижде өткен Паралимпиада ойындарында 26 медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты.
«Сіздер, біздің ержүрек ұл-қыздарымыз жоғары белесті бағындырып, жарыстың нағыз қаһарманына айналдыңыздар. Өзбекстан командасы 10 алтын, 9 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте 13-орынға жайғасса, Азияда 3-орын, түркі, ислам және ТМД елдері арасында 1-орынға шықты. Спортшыларға қажетті барлық жағдай жасалды. Нәтижесінде биыл Паралимпиада ойындарында 9 спорт түрінен алғаш рет 65 спортшы ел намысын қорғады», - деді президент.
Шавкат Мирзиёев биыл тұңғыш рет өзекбекстандық велоспортшылар Паралимпиадаға қатысқанын атап өтті.
«Өзбекстанның спорт тарихында көптеген жеңістер бар екені белгілі. Бірақ Паралимпиада ойындарында мұндай рекордтық жетістік ешқашан болған емес. Мұндай жарқын жеңіс Өзбекстан жылнамасына алтын әріптермен жазылады», - деп тоқталды Өзбекстан басшысы.
Қоса кетсек, бұған дейін Шавкат Мирзиёев Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың бапкерлерін мемлекеттік наградамен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған еді.