Тарихшы: Бүгін — Алматының тарихи атауы қайтарылған күн

берекет кәрібаев
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Осыдан тура 103 жыл бұрын, 1921 жылы 5 ақпанда Жетісу облыстық революциялық комитетінің Верный қаласының атауын Алматы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Kazinform тілшісіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев айтып берді.

Ғалымның айтуынша, Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-Рашиди» еңбегінде Әмір Темірдің моғол хандарымен соғысы кезінде осы жерде Алматы деген елдімекен және Шелек, Шарын деген өзендер туралы айтылған. 

Яғни, Алматы — ежелден келе жатқан тарихи атау.

«1854 жылы ақпан айында патша үкіметі тұсында қазіргі Алматы қаласы тұрған жерде Верный бекінісі салына бастайды. Арада 5 жыл өткенде онда халық саны 5 мың адамға жетеді. 1867 жылы Верный уезд орталығы болып, қала статусын алады. Содан кейін бұл жерге татар саудагерлері, орыс-казак әскерлері келіп, қаланың аумағы кеңейіп, халық саны өсе түседі. Кейін Верный қаласы Жетісу облысының орталығы болды. 20 ғасырдың басында мұнда жаңа зауыт, фабрикалар салына бастайды. Айта кету керек, сол кездері Верный ерлер гимназиясында Алаш қайраткерлері Мұхамеджан Тынышбаев пен Ораз Жандосовтар білім алған», — дейді Берекет Кәрібаев.

берекет
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Верный қаласының тарихи атауын қайтарған — Алаш қайраткері Ораз Жандосов.

«Ол небары екі жыл, атап айтқанда 1919-1921 жылдары Жетісу облыстық революциялық комитетінің төрағасы болған. Сол міндетті атқарып жүріп, 1921 жылы комитеттің Верный қаласын Алматы деп өзгерту туралы шешіміне қол қояды. Осылайша қалаға бұрынғы тарихи атауы қайтарылады. 1927 жылдан 1997 жылға дейін Алматы Қазақ АКСР-нің, кейін тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы астанасы болды. 1981 жылы Алматыда халық саны 1 млн-ға жетсе, бүгінгі күні мұнда халық саны 2,5 млн-ға жуықтады», — деп атап өтті тарихшы ғалым.

Соңғы жаңалықтар