Тәркіленген телефондар көп: СҚО-да 120-дан астам мүлік сатылған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында былтыр республикалық меншік пен мемлекет кірісіне өткен мүліктерді сату арқылы бюджетке 43 млн теңгеден астам қаражат түсті.

Швед мектептерінде ұялы телефондарға тыйым салынды
Фото: azertag.az

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде жекешелендіру бағдарламасы аясында сатылған немесе бәсекелестік ортаға берілген мемлекеттік мүлік нысандары тіркелмеген. Алайда республикалық меншікке тиесілі мүлікті өткізу жұмыстары жалғасып, 32 автокөлік сатылды. Бюджетке 28,6 млн теңге түскен.

Бұдан бөлек, сот шешімдері негізінде мемлекет меншігіне өткен мүліктер де сатылымға шығарылған. Өткен жылы жалпы құны 14,8 млн теңгеге 122 мүлік өткізілген. Оның ішінде 11 көлік құралы 12 млн теңгеден астам сомаға сатылса, 76 ұялы телефоннан бюджетке 1,8 млн теңгеден астам қаржы түскен. Сондай-ақ тоғыз электрондық техника мен басқа да түрлі мүліктер сатылған.

— Мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасады. Арнайы жүргізілген түгендеу барысында СҚО-дағы 248 мемлекеттік ұйымның жалпы ауданы 85 мың шаршы метрден асатын нысаны зерттелді. Нәтижесінде алты объектіде жалпы көлемі 465,8 шаршы метр болатын артық алаң анықталып, олар өтеусіз пайдалануға берілді. Ал төрт нысанның 94 шаршы метр аумағы жалға тапсырылды, — дейді департамент басшысы Нұржан Исламбеков.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік активтерді басқаруда цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген. Қазір барлық негізгі рәсімдер «e-Qazyna» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, жалға беру, сенімгерлік басқаруға тапсыру, бір меншік түрінен екіншісіне беру және мемлекетке сыйға тарту процестерінің барлығы электронды форматта жүргізіледі. Жүйе арқылы хабарландыру жариялау, өтінім қабылдау, сауда-саттық өткізу және келісімшарттарға қол қою толық автоматтандырылған.

— Мұндай цифрлық шешімдер мемлекеттік мүлікті басқарудағы ашықтықты арттырып, азаматтардың сауда-саттыққа қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Арнайы электрондық сауда алаңында мүлік туралы барлық қажетті ақпарат, бағалау құжаттары мен фотоматериалдар ашық орналастырылады, — дейді Нұржан Исламбеков.

Бұған дейін 2020 жылдан бері мемлекеттік органдар мен республикалық заңды тұлғалардың балансындағы 3 500-ден астам автомобиль сатылғанын жазған едік.