Тәртібі жақсы сарбаз 10 күн демалыс алады - әскери бөлімнен фоторепортаж
АСТАНА. KAZINFORM – Сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеп, туған жеріне оралғанда «Әскер қалай екен, не істедіңдер?» деп жан-жақтан қаумалайтыны белгілі. Біз бұл сұрақтың жауабын әскери бөлімге арнайы барып білгенді жөн көрдік. Сарбаздардың бір күндік өмірімен танысып, бір жылдық ғұмырының мәнісіне үңілдік.


Астана қаласының іргесіндегі 68665 әскери бөлімінде орналасқан 36-ерекше мақсаттағы бригадаға ат басын бұрғанымызда әскерге шақырушылар оқу-жаттығу жиынында жүр екен. Әлі сарбаз деу ертерек шығар, себебі жақын күндері ғана ант қабылдамақ. Оған дейін әскери өмірдің қыр-сырына қанығып, қаруды қолдануға машықтанып жатыр. Ант қабылдау рәсімін асыға күтіп жүрген сарбаздардың бірі Елдар Сүйінбай қуыршақ театрында әртіс болып еңбек еткен.

«Жұмыс ешқайда қашпас. Отан алдындағы борышты атқаруға зор құлшыныспен келдім. Жасыратыны жоқ, кейбір таныстарым әскерді жаман жағынан айтып, күмәнді ойларға ерік берген едім. Әскерге келгеніме екі апта уақыт болды, мұндағы өмірдің жігіттерді жігерлі етуге, оң-солын тануға, Отанға деген махабатты арттыруға, жалпы жақсы қасиеттерді сіңіруге әсері мол екеніне көз жеткіздім», - дейді Елдар.

Аталған бөлім Құрлық әскерлерінің құрамында. 68665 әскери бөлім командирінің орынбасары - тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Талғат Құлмановтың айтуынша, әскери бөлім 2003 жылы құрылған.

Әскери саладан хабары аз азаматтар біле бермеуі мүмкін, бұл әскер – Қарулы Күштердің элитасы. Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Астана қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген аймақтарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға жұмылдырылады.

Шекараға жақын орналасқан әскерлерге көмек көрсетіледі. Бітімгершілік операцияларына қатысу миссиясы тағы бар. Мұндағы Құрмет қарауылы ротасы сарбаздары елімізге сапарлап келген мемлекеттердің президентін, өзге де құрметті меймандарды күтіп алу сияқты ресми іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Ал осындай маңызды міндеттерді мүлтіксіз орындап келе жатқан бригаданың қатарынан табылу – сарбаздарға зор абырой!

«Биыл көктемде 150-ден астам сарбаз Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, үйлеріне оралды. Десе де, 30 пайызы келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға ниет білдірді. Ал мерзімді әскерге шақыру кезеңінде еліміздің бірқатар өңірінен 200-ге жуық жас қатарға қосылды. Олар әзірге оқу-жаттығу жиынында тәжірибе жинақтап жүр. Жақын күндері ант қабылдайтын болады», - деді Талғат Құлманов.

Айта кету керек, еліміздің көптеген аймағында болған су тасқыны кезінде осы бөлімнің 300 сарбазы (офицер, сержанттар да бар) Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауданында апаттың алдын алу жұмыстарына жұмылдырылған. 21 күн бойы су тасқынымен арпалысқан сарбаздарға облыс басшылығы, жергілікті тұрғындар алғыстарын білдіріп, құрметтеп шығарып салған.


Кейбіреулер сарбаздар таңнан кешке дейін далада жаттығу жасап, кабинетте білім алып отырады деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде Отан қорғаушыларға бос уақытын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Олар газет-журнал оқып, теледидар көріп, музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен ән салып, көңілдерін көтереді.


Казарманың жанында шағын футбол алаңы, спорт залы да бар. 68665 әскери бөлімінің сарбаздары жыл бойы әскери бөлімдер арасында ұйымдастырылатын түрлі спорттық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүргенін атап өткен жөн.

Әр сарбаздың ата-анасымен кері байланыс орнатылған. Олар үшін «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, әскердегі өмірді көрсету дәстүрі қалыптасқан. Әскери бөлім бастықтарының ұялы телефон нөмірі ата-аналарға берілген. Кез келген уақытта байланысып, баласының жағдайын сұрауға мүмкіндік бар. Біз жүрген кезде сарбаздардың бірінің анасы хабарласып, баласының денсаулығын сұрап жатты.

Ұялы телефон демекші, сарбаздарға аптасына екі рет (сенбі-жексенбі) ағайын-туыспен хабарласуға болады. Айтпақшы, сарбаздарға жақсы тәртібі үшін 10 күнге (жолға кеткен күндер есепке алынбайды) демалыс беріледі. Әр аптаның қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар бір күнге сейілдеуге босатылатынын да атап өткен жөн.


Сарбаздардың ас мәзірі көпшілікті қызықтыратыны анық. Бізге сарбаздармен бірге түскі ас ішу сәті түсті. Асханадағы тамақтар молынан үлестіріледі екен. Витаминдер де таратылады. Талғат Құлмановтың айтуынша, мұндағы жауынгерлік дайындықтың қарқыны жоғары. Сәйкесінше, күш көп жұмсалған сайын ас мөлшері де молынан үлестірілмек.

Иә, дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Қазақстанның қорғаны болар жастардың жаман әдеттерден арылып, өз еркімен әскер қатарынан табылып, шен үшін емес ел үшін қызмет етуі маңызды.