Тәртіп сақшыларының рухани серігіне айналған «Сақшы» және «На страже» басылымдары 80 жылдық мерейтойын атап өтуде
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Тәртіп сақшыларының рухани серігіне айналған «Сақшы» және «На страже» басылымдары 80 жылдық мерейтойын атап өтуде.
«Қоғамның кез келген құбылысына үн қосып, салиқалы пікір айта білетін баслым журналистері газеттің ел алдындағы беделін биікке көтере білді. «Сақшы», «На страже» газеттерінде жарияланатын қоғам тыныштығын сақтау жолында жан аямай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің өнегелі еңбегі және ел тыныштығы үшін жанын қиған сақшылардың ерлік істері жайлы мақалалар Қазақстан полициясының оң имиджін қалыптастыруға ықпал етті», - делінген ҚР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Қалмұханбет Қасымовтың басылымдардың мерейтойына орай құттықтауында.
Мерейтойылық шара аясында бүгін Астанадағы «Думан» қонақүйінің конференц-залында «Сақшы» - «На страже»: кеше, бүгін, ертең» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті.
Басқосуды ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Нұрділда Ораз жүргізіп отырды.
Оған ҚР ІІМ жауапты қызметкерлері, ішкі істер органдарының аймақтық басқалармалары баспасөз қызметінің өкілдері, баспасөз ардагерлері, БАҚ журналистері қатысты. Конференцияны ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, генерал-майор Амантай Күреңбеков құттықтау сөзбен ашты.
Жиында ҚР Ішкі істер органдары мен ішкі әскерлер ардагерлері кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков, «На страже» газетінің 1981-1993 жылдардағы бас редакторы, ардагер-журналист Анатолйй Черепанов, басылымдардың 1998-2008 жылдардағы бас редакторы Әбдіжамал Сапарқұлов, осы басылымда қатардағы тілшіден бас редакторға дейін еңбек жолынан өткен, ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушсі Лариса Броватая, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «ҚР ішкі істер органдары Медиа орталығы» ЖШС бас директоры Алмас Садубаев, Атырау облысы ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Гүлнәзира Мұхтарова сөз сөйледі.
Конференцияға қатысқан Әзербайжан Республикасы ІІМ баспасөз қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Эсхан Захидов, Беларусь Республикасы ІІМ «На страже» газетінің бас редакторы Сергей Хрипач әріптестеріне жылы жүзді құттықтауларын жеткізді. Бұдан кейін конференцияға қатысушылар бүгінгі таңдағы баспасөздің рөліне қатысты өзара пікір алмасты.
Конференцияда осы мерейтойға орай шығарылған белгілі журналист Әлімжан Жарылқағановтың «Сақшы-«На страже» - 80 белес» кітабының таныстырылымы болды.
Бүгінде ішкі істер органдарының белді басылымына айналып отырған «Сақшы», «На страже» газеттерінің тұңғыш саны сонау 1933 жылы жарық көрген болатын. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы еліміз өміріндегі ауыр кезеңдерде мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауда милиция қызметкерлерінің еңбегі ерен болды. Олардың жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыратын газет алғашында «SAQCЬ» - «Страж» деген атпен шықты және әр жылдарда әртүрлі атпен жарық көрді. «На страже», «Қазақстан милициясы» сияқты атаулармен шыққан газет 1970 жылдары жабылып қалды. Содан газет араға он жыл салып, яғни 1982 жылы қайта шықты. Сол кездегі газет редакторы А.З. Черепановтың тұсында газет Ленинград, Мәскеу, Киевтегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, қолдан қолға тимей оқылатын газетке айналған екен. Ал, кеңестік жүйе кезінде бұл газеттің қазақшасын шығару оңайға түскен жоқ. Қазіргі «Сақшының» негізін қалауға аямай тер төккен азамат - ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып полковник шеніне дейін жеткен марқұм Базарбай Исаев.
Он жыл уақыт бойы тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан «На страже» газетінің бір бетін қазақша шығаруға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдайды. Сөйтіп 1990 жылдың қыркүйек айынан бастап газеттің бір беті қазақша «Сақшы» болып шыға бастады. 1992 жылдың сәуірінен бастап газеттің төрт беті орысша, төрт беті қазақша шықты. 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап «Сақшы» өз алдына дербес басылым болып жарық көріп келеді.
«Сақшы», «На страже» газеттерінің басшылары мен тілші деген штат бірлігі кезінде аттестатталған лауазым болды. Соның арқасында талай журналистер офицер атанып, қазір олардың алды отставкада. Аталған басылымдардың тарихына тоқталғанда редакцияның құрылымында болған өзгерістерді де атаған жөн. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде редакция Ішкі істер министрлігінің бір құрылымдық бөлінісі болса, 1993 жылдан бастап 1999 жылдар аралығында редакцияның ұйымдық-құқықтық нысаны «Сақшы - На страже» апталық республикалық газеттерінің ұйымдасқан редакциясы» мекемесі түрінде болды, кейіннен «Сақшы - На страже» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып өзгертілсе, 2005 жылғы 6 маусымнан «Сақшы - На страже» ЖШС болып қайта құрылды. Ал, 2010 жылғы 1 сәуірден бері «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Медиа-орталығы» ЖШС болып өзгертілді.
Ішкі істер органдарының қызметін жариялауда бай тәжірибесі бар Медиа-орталық бүгінгі таңда «Сақшы», «На страже» газеттерінен басқа, «Полиция.kz», «Ардагер» және «Есірткісіз болашақ» атты журналдардың басын қосқан ақпараттық-насихаттық орталыққа айналған. Қазір «Сақшы» аптасына екі рет 8 және 16 бет болып шықса, «На страже» газеті де дәл осындай көлемде жарық көреді.
Мерейтойлық шара бүгін «Шабыт» концерт залында ұжым журналистері мен тілшілерін және авторларын марапаттау рәсіміне және мерекелік концертке жалғаспақ.