Тәртіп сақшысы жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, оған көмектесе алуы керек – Түркістандық полицей

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Полиция қоғамдық тәртіп пен қылмыстық алдын алуға тікелей жауапты мемлекеттік қызметші. Қалың көпшілікпен тығыз байланыста жұмыс істейтін аталмыш мамандық иелерін күнде көріп жүргенімізбен олардың қызметі туралы көп біле бермейміз. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекелерінің тұсында қоғам тыныштығын күзетудің қыр-сыры туралы Түркістан облысының полицейі Ермахан Әбдраманов әңгімелеп берген еді.

Тәртіп сақшысы жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, оған көмектесе алуы керек – Түркістандық полицей

Бүгінде Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген полиция полковнигі еңбек жолын 1996 жылы жедел уәкіл болудан бастаған. Осыған қарай әңгімесін өзінің ең алғаш ашқан қылмыстық ісінен бастады. null

«Жетісай ауданындағы базарлардың бірі тоналып, маған күдіктіні табу тапсырылды. Жан-жақтан сұрастыра келгенде елімізге келіп, түрлі күмәнді істермен айналысып жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы күдік тудырды. Оны ұстауға кіші жедел уәкіл екеуміз аттанып, оның бір дәмханада отырғанын білдік. Сол жерге барып қарасақ, қылмыскер тапшанда тамақтанып отыр екен. Барып ұстамақ болғанда ол орнынан ыршып тұрады, қарасам бойы екі метр денелі келген ер адам болып шықты. Бізді көре сала ол қорғанды асып өтіп, көрші үйге қарай секіріп кетті. Біз ізіне түстік, сөйтіп жүріп төрт үйден асып өттік. Бірақ мен оның үлкендігіне қарамастан қуып жетіп, қолға түсірдім. Оны тіпті құлатып, көмекшім келгенше қолына кісен де салғанмын. Айтқым келгені ондай кезде бізге құдайдың өзі күш-қуат береді. Қылмыскер бойшаң немесе ірі денелі болса да қолға түсті. Жалпы мен қылмыскерді ұстаған кезде бойымда ерекше күш пайда болады»,- дейді Ермахан Әбдраманов.

Полицейдің айтуынша, қызмет барысында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Қылмыскерлердің де барлығы бірдей емес, олардың да арасында әбден тіс қақан, әккі, қулары болады. Алайда, полиция олардан да ақылды, айлакер болуы шарт. Сол себепті тәртіп сақшысы заман ағымына сай өзін-өзі ұдайы жетілдіріп, дамытып тыруы керек.

«Олай болмаған жағдайда ісіңнен нәтиже шықпайды. Қызмет барысында небір түрлі жағдайлар болады, небір айуандық әрекеттердің де куәсі болдық. Бірақ қандай жағдай болған күнде де полиция қызметкері өзіне берік болуы, кез-келген істі салқынқандылықпен байыппен қарастыруы керек. Біздің қызметте эмоция болмауы керек. Тағы бір есімде қалған жәйт, Шымкент қаласында 7 жастағы қызды белгісіз біреу үйінде зорлап, қашып кеткен. Оқиға орнына барып көрсек, қызды ауруханаға алып кетіпті. Жансақтау бөліміне жатқызылған жеткіншектің жағдайы тым ауыр еді. Сол жағдайына қарамастан ол өзін жәбірлеушінің түр әлпетін суреттеп айтып берді. Жәбірленуші қыздың сөзінен мәлім болғанындай, ол сыртта ойнап жүргенде белгісіз біреу келіп су сұраған. Қыз үйге кіріп су алып бермек болғанда, күдікті оның артынан кіріп, аяусыз зорлық әрекеттерін жасаған. Осы жағдайды естіген соң қалай да күдіктіні табамын деп іздеуге кірістім. Бұрын сотталғандарды, нашақорларды, есепте тұрған азаматтарды тауып сөйлестім. Басқа да ақпарат көздерін сұрастырдым. Ақыры сезіктінің жеке тұлғасын анықтадым. Ол бұрын сотталмаған, көршілес Жамбыл облысының тұрғыны екені белгілі болды. Тексере келе оның осы жастар шамасындағы тағы екі қыз баланы зорлап қашып жүргені анықталды. Суретін жәбірленушіге көрсетіп едім, бірден таныды. Осыдан кейін сезіктіні күндіз-түні іздестіре бастадым. Күн демей, түн демей жертөлелерді қарастырдым, болуы мүмкін деген жерлерге ерінбей барып көрдім. Еңбегім еш кетпеді. Араға он күн салып, оның Шымкент қаласындағы бір мазарда жүргенін анықтадым. Бізге хабарлаған адам менімен бірге оны ұстауға мазарға барды. Сұрастыра келгенімізде оның сол жерде мәйіттерді жерлеуге көмектесіп, нәпақа тауып жүргені белгілі болды. Кылмыскерді ақыры қолға түсірдік. Жауап алу барысында ол жасаған үш қылмысын да мойындады, 20 жылдан астам мерзімге сотталды»,- дейді Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы.null

Бас-аяғы 20 жылдан астам тәжірибесі бар полиция полковнигі қылмыскерлерді ұстау үшін тәртіп сақшысының білімі мен біліктілігі талапқа сай, сондай-ақ, халыққа етене жақын, адамгершілік қасиеті мол болуы қажет, жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, соған көмектесе алуы керек дейді.

«Қылмыскерді ұстауын ұстайсың-ау, алайда оның кінәсін дәлелдеп шығу да оңай шаруа емес. Еңбегін еш кетпеуі үшін дәлелдерді тірнектеп жинайсың. Ал мұндай әрекеттің бір күндік жұмыс емес екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Полиция жұмысындағы ең басты мәселе әділдік орнап, кінәлілердің кінәсіне сай жазалануы»,- дейді аудандық Полиция бөлімінің бастығы.null

Бүгінде 200-ге тарта тәртіп сақшысы бар Жетісай аудандық полиция бөлімінде басшылық қызмет атқаратын Ермахан Абдраманов кез-келген мамандықтың өз қиындығы бар екенін айтады. Ал, полиция қызметінде басшы болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

«Басшы болу мен үшін бұл атақ немесе абырой емес. Иығыңа артылған үлкен жауапкершілік, сенім. Қаншама тағдырларға қатысты шешім қабылдайтын кездер болады. Мұндай уақытта мен сол жәйтті мүмкіндігінше талдап, саралап, дұрыс шешім қабылдауға тырысамын. Ол үшін көп жылдық тәжірибем көмегін тигізеді. Басшы екенмін деп өзімді жоғары ұстамай, неғұрлым халыққа етене жақын болуға барымды саламын. Басшы сонымен қатар тікелей ахуалды байқап, соған қарай жұмысты ұйымдастыра білу керек. Жеке құрамды соған жұмылдырып, бағыттауға әрекет етемін. Өйткені халық полициядан қорқып емес, көмек алуға келетіндей жағдай жасау керек»,- дейді Ермахан Әбдраманов.null

Полиция бөлімі басшысының сөзінше, қазіргі таңда тәртіп сақшыларының жанұясына көңіл бөлуге қолдары тимейді, олар уақытының басым бөлігін жұмысына арнайды.

«Таңғы сағат алтыдан түнгі он бір немесе он екіге дейін жұмыста жүретін кездеріміз болады. Қылмыс болған күндері түнде де оқиға орнына барасың. Ондай кездері балаларыңды тек ұйықтап жатқан сәтін көресің. Балаларым кейде ренжиді, уақыт бөлмейсіз деп. Бірақ мен мүмкіндігінше бос уақытымды отбасымда өткізіп, тіпті мектептеріндегі мұғалімдерімен де сөйлесуге тырысамын. Дегенмен өз өмірімде осы мамандықты таңдағаным үшін өкінген емеспін. Өйткені мен бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдадым. Болашақта перзенттерім де полиция қызметкері болғанын қалар едім. Ал, әріптестеріме айтарым, сын бар жерде дұрыс жұмыс жүреді. Сол сыннан нәтиже шығарып жұмыс істеу керек. Әрбір полицейде Отанға деген сүйіспеншілік мол болса, халық арасында да біздің мамандық туралы жақсы пікір қалыптасады»,- дейді полиция полковнигі Ермахан Әбдраманов.null

null