Tartyl Fest фестивалі ертең Семейде өтеді
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Tartyl Fest турникке тартылу фестивалі ертең Семей қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған дейін Қазақстанның 18 қаласында өткен Tartyl Fest республикалық турникке тартылу фестивалі Семейге жетті.
Шараны ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырып отыр.
3 қыркүйек күні қаланың «Арена» мәдение спорт кешенінде өтетін фестивальге қатысуға ниет танытқандарды тіркеу сағат 9.00-де басталып, 11.00-ге дейін жалғасады.
Ал ашылу салтанаты – сағат 14.00-де. Әзірге ел бойынша рекордты Қарағанды қаласында 50 мәрте тартылған Евгений Нам орнатқан.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3-ке бөлінеді. Атап айтқанда, 18 жасқа дейін (жасөспірімдер), 18-ден 30 жасқа дейін (жастар) және 30 жас пен одан үлкендер (ересектер).
Жүлде қоры: 1 орын – 200 мың теңге, 2 орын – 100 мың теңге, 3 орын – 50 мың теңге. Гранд финалдың жүлде қоры: 1 орын – 3 млн теңге, 2 орын – 2 млн теңге, 3 орын – 1 млн теңге.
Гранд финал 6 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде турникке тартылу фестивалінде кімдердің жеңімпаз атанғанын хабарлаған едік.