«Tartyl Fest» жастарға ерекше мотивация берді – қызылордалық жеңімпаз

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ақберен Қуандықов былтыр «Tartyl Fest» турнирінде рекордтық көрсеткішті жаңартуға жақын қалды. Ал жерлестері арасында оған тең келетін ешкім болған жоқ. Көпшілік алдында белтемірге тартылу көрер көзге оңай көрінуі әбден мүмкін. Шынына келгенде оған он мәрте тартылудың өзі оңайға соқпайтынын байқауға болады. Бес жылдан бері аталған спорт түрін жанына серік етіп жүрген Ақберен енді республикалық жарыста облыс намысын қорғайды. Алдағы жарысқа дайындығы жөнінде ол ҚазАқпарат тілшісіне жан-жан жақты айтып берді.

- Ақберен, республикалық жарыстың облыстық кезеңіне қатысқанда алдыңа қойған мақсатың қандай еді? Жеңімпаз атанатыныңа сенімді болдың ба?

- Мен аталған спортқа кездейсоқ келдім. Бес жылдай бұрын денсаулығым сыр беріп, ота жасатуға тура келді. Қашанда сергектікті серік еткен адам қандай қиындықты да жеңе біледі ғой. Денсаулық жағдайымды жақсартқым келді. Осылайша жүгіру мен белтемірге тартылуға көңіл аудардым. Содан бері тұрақты түрде айналысып келемін. Оған еш өкінбеймін. Қазір денсаулығыма байланысты ешқандай қиындық жоқ.

Елімізде «Tartyl Fest» турнирі жайлы естігенде оған қатысуға шешім қабылдадым. Жарысқа дайындығымды пысықтай түстім. Жалпы, белтемірге тартылудың да қыр-сыры көп. Алғашқыда ол саған ауыр тиюі мүмкін. Уақыт өте келе оған бойыңда үйренеді. Мен жарысқа дайындығымды күн сайын пысықтай түстім. Республикалық турнирдің Қызылордада өткен іріктеу кезеңінде жеңімпаз болуға бар күшімді салдым.


- Жарыс барысында сен рекордтық көрсеткішті жаңартуға сәл ғана қалғаныңды білеміз. Сол сәтте саған не жетіспеді? Тіпті, сенің аталған көрсеткішті жақсартуға да мүмкіндігің бар секілді көрінген еді...

- Оныңыз рас. Сайыста түрлі сәттер болуы мүмкін. Рас, жарыс барысында өзіме сенімді ойын көрсетіп жаттым. Рекордтық көрсеткішті жаңартамын деген мақсатым бар еді. Осы мақсатта үзбей дайындық жүргіздім емес пе? Бәлкім, сол сәттерде психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытып қойдым ба? Әйтеуір, алға қойған мақсаттың үдесінен шыға алмадым. Десе де жеңімпаздар қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Қызылордадан кейін өткен қалаларда рекордты жаңартқандар бар. Енді солармен сайысуға мүмкіндік алып отырмын. Сол жолы кеткен олқылықтың орнын толтыруға күш саламын.

- Қарсыластарың да осал емес секілді. Олар жайында ойың қандай?

- Әрбір жарыстың заңдылығы сол емес пе? Сайысқа қатысушы жеңімпаз атануды қалайды. Енді бәрімізді республикалық деңгейдегі бәсеке күтіп тұр. Еліміздің барлық аймағынан жиналған тәжірибелі спортшылар бас жүлдені сарапқа салады. Өзімнің де солардың қатарында болғаныма қуаныштымын. Алғашқыда денсаулық жағдайымды түзеу мақсатында белтемірді жаныма серік еткен едім. Ендігі кезекте бір өңірдің атынан сайысқа түсуге жол ашылып отыр. Сыр өңірінің абыройын асқақтатуға бар күшімді саламын. Оған дайындығымды жүргізіп жатырмын. Жеңіске жеткен жағдайда әкемді қажылыққа жіберсем деген мақсатым бар. Барлығы өзімнің қолымда тұр.

- Сенің ойыңша, аталған турнир жастар арасында қандай қызығушылық туғызды? Мұндай жарыстар алдағы уақытта тұрақты өткізіліп тұрғаны дұрыс па?

- Аталған турнир болатынын естігенде көптеген жас жігіттер оған қатысуға бел байлады. Белтемірге тартылып, дайындығын пысықтады. Қысқасы, оған ықылас танытқан жастардың қатары көбейді. Бұқаралық сипат алды. Сондықтан турнирдің жастарға тигізген пайдасы ұшан-теңіз.

Жарысқа барардың алдында маған алдымен өзімнің отбасым қолдау білдірді. Бұл мені қанаттандыра түсті. Турнир барысында аз-маз қобалжу болғаны рас. Алайда, өзіме жақын жандардың қолдауы менің алға қарай ұмтылуыма үлкен әсер етті.

Қай кезде де сергектікті серік еткен адамның денсаулығы мықты болады. Әрбір адамның күнделікті спортпен айналысуына мүмкіндігі жоқ шығар. Десе де бір мезет белтемірге тартылып, дене жаттығуын жасап тұруына ешқандай кедергі жоқ. Көпшілікті денсаулыққа пайдасын тигізетін осындай салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.


Менің ойымша, аталған турнирдің жастардың спортпен айналысуына үлкен моитвация болады деп санаймын. Байқағаным, біздің облыстың өзінде онда қаншама адам бақ сынады. Ал елімізде олардың саны бірнеше мыңнан асты. Қысқасы, қысқа уақыттың шінде халықтық шараға айналып үлгерді. Сол себепті аталған турнирдің тұрақты өткізілуін қолдаймын. Ол уақытта қатысушылар саны бұдан да арта түсуі мүмкін.

- Күнделікті қанша уақытыңды спортқа арнайсың? Оған жергілікті өңірде қандай жағдай жасалған?

- Қазіргі күні сергектікті серік етуге қолайлы жағдай бар. Арал ауданында жергілікті тұрғындарға арналған орталық стадион мен секілді жастардың жиі бас қосатын орнына айналды. Тіршіліктен қолым қалт еткен сәтте сол жерден табылуға тырысамын. Бұл менің күнделікті қағидама айналды. Ауданда мен секілді азаматтар саны аз емес. Барлық жерлестерімді спортпен айналысуға шақырамын.

Қашанда дені сау азамат әрбір мемлекеттің негізгі тірегі емес пе? Болмашы сырқатқа бой алдырып, соған қыруар қаржы жұмсағанша әрдайым сергектікті серік еткен артық емес. Қазір мұндай азаматтардың саны көбейіп келе жатқаны қуантады. Олардың қатары әлі де арта түсетініне сенімдімін.

- Сөз соңында отбасың жайлы айта кеткенің артық болмас.

- Мен әкем және ініммен бірге тұрамын. Анам 2005 жылы өмірден өтті. Өзім де шаңырақ көтергенмін. Келіншегім мен екі балам бар. Барлығымыз отбасылық кәсіппен айналысамыз. Әкем базарда саудамен айналысады. Сол кісіге қолғабыс жасаймыз.

-Әңгімеңізге рахмет!

Фото кейіпкердің жеке архивінен


Соңғы жаңалықтар