Тас қараңғыда тұрамыз: Өскемен тұрғындары жарықшамдардың жоқтығына шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы Меновное кентіндегі Юбилейная көшесінің тұрғындары бірқатар мәселені көтерді. Олардың айтуынша, көше жолдары қардан тазаланбайды және жарықшамдардың жоқтығынан бала тұрмақ ересек адам тасқараңғыда үйіне қорқып жетеді.

Тас қараңғыда тұрамыз: Өскемен тұрғындары жарықшамдардың жоқтығына шағымданды
Фото: Меновное кентінің тұрғындарынан

«Құлақ асар ешкім жоқ!»

- Қала өмірінен тыс қалғандаймыз. Олай дейтініміз, біз жаққа әкімдіктен, басқа да құзырлы мекемелерден ешкім келмейді. Ал халықты толғандырып отырған мәселелер жоқ емес. Мысалы, жыл сайын қыс түскенде қарымыз күрелмейді. Жолды ашу үшін өзіміз қолға күрек алуға мәжбүрміз, - дейді кент тұрғыны.

Тас қараңғыда тұрамыз: Өскемен тұрғындары жарықшамдардың жоқтығына шағымданды
Фото: Меновное кентінің тұрғындарынан

Жергілікті жұртқа көшедегі жарықшамдардың жоқтығы да қолайсыздық тудырып отыр.

- Тас қараңғыда бала тұрмақ ересек адам үйіне қорқып жетеді. Қазір қаңғып жүрген иттер де көбейіп барады. Желсіз күндері тұман түсіп, мүлде түк көрінбей кетеді. Сондықтан бізге жарық қажет. Жергілікті билікке айтпадық емес, айттық. Мұңымызды жеткіздік. Бірақ құлақ асар ешкім жоқ!, - деп Юбилейная көшесінің халқы өз наразылығын білдірді.

Жауаптылардың жауабы қандай?

Тұрғындардың сол наразылығын жеткізу үшін жауапты мекемелерге сауалхат жолдадық. Қала бойынша тазалыққа жауапты «Таза Өскемен» КМК директорының орынбасары Ардақ Әбділдинов қыс мезгілінде Меновное кентіне «Радрин» ЖШС қызмет көрсететінін мәлім етті.

- Ол өз міндеттемелеріне сәйкес жолдар мен көшелерді күтіп-ұстап, жолдың жүріс бөлігін, жаяу жүргіншілер өткелдерін, аялдама кешендерін қардан тазалайды. Серіктестік орындалған жұмыстардың сапасын бақылау және проблемалық мәселелер туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін WhatsApp мессенджерінде топ құрды. Күн сайын қосалқы мердігерлік ұйымдар шыққан арнайы техника мен қызметкерлердің саны туралы ақпарат береді. Сондай-ақ кәсіпорынның жалпы чатына жүргізіліп жатқан жұмыс туралы фото-бейне есептер жіберіледі, - деді ол.

Тас қараңғыда тұрамыз: Өскемен тұрғындары жарықшамдардың жоқтығына шағымданды
Фото: Меновное кентінің тұрғындарынан

 

Яғни, аталған ЖШС Меновное кентіндегі барлық көше жолдарын қардан тазартып отыруға міндетті. Егер оның жұмысына халықтың көңілі толмаса әкімдікке шағымдануға құқылы. 

Ал жарық мәселесіне қатысты Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен жауап берді. 

- «Өскемен көшелеріндегі жарықтандыру жүйелерін жаңғырту» жобасын іске асыру шеңберінде 16 603 дана жарық нүктесі «ШҚО өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ (МЖӘ) жалға берілді. Юбилейный көшесіндегі 7 жарық бағанына МЖӘ қызмет көрсетеді. Осы көшедегі шамдар жанбай тұрған жағдайда тұрғындар диспетчерлік қызметке 8 (705) 717-48-80 телефон нөмірі бойынша хабарласып немесе WhatsApp арқылы өтінім бере алады, - дейді бөлім басшысының орынбасары Рашид Шерубаев. 

Тас қараңғыда тұрамыз: Өскемен тұрғындары жарықшамдардың жоқтығына шағымданды
Фото: Меновное кентінің тұрғындарынан

 

Сондай-ақ «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы жарық бағаналарын көбейтуге мүмкіндік бар екен.

- Меновное кенті Юбилейный көшесі бойынша жаңа көше жарығы шамдарын орнату үшін Өскемен қаласы әкімдігі аппаратының сайтына кіріп, «Халық қатысатын бюджет» бөлімінде өтінім беру қажет. Ұсыныстарды қабылдау, дауыс беру және өтінімдерді қарау мерзімдері сол ресми сайтта жарияланады. 2025 жылы осы бағдарлама арқылы 30 учаскеге көше жарығын орнату жоспарланған, - дейді Рашид Шерубаев.

P/S:

Коммуналдық мекеме мен әкімдіктің құзырлы бөлімі берген жауапқа сәйкес, Юбилейный көшесіндегі жолдар қардан тазаланып, жарықшамдары жанып тұруы тиіс көрінеді. Сондықтан тұрғындардың жазбаша өтінім түсіргендері жөн. Мәселенің ары қарайғы өрбуі біздің бақылауда болады.

Еске салсақ, бұған дейін Өскемен мен Риддер арасындағы жаңа жол құрылысы неге созбалаңға салынып кеткені жайлы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар