Ташкент әлемдегі ауасы қатты ластанған 30 қаланың қатарына енді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ташкент ауасы ең ластанған әлем елдері астаналарының рейтингінде 22-ші орынға жайғасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Швейцариялық IQAir технологиялық компаниясы былтыр әлем қалаларында байқалған ауа сапасы туралы дүниежүзілік қорытынды есепті жариялады. Оған 134 мемлекеттегі 7 812 қала енген, сарапшылар 30 мыңнан астам мониторинг станциясының деректеріне талдау жасаған.
IQAir бағалауы бойынша, Ташкенттің ауасындағы зиянды шығарындылардың (PM 2,5) орташа жылдық концентрациясы 28,6 мкг/м3 құрады.
Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) денсаулыққа зиянды деп таныған межесінен 5-7 есе жоғары.
Осылайша, Ташкент «қызыл» санатқа енгізіліп, ауасы ең ластанған әлем астаналарының рейтингінде 22-ші орынға жайғасты.
Сондай-ақ, аталған рейтингінің алғашқы бестігіне Нью-Дели (Үндістан), Дакка (Бангладеш), Уагадугу (Буркина-Фасо), Душанбе (Тәжікстан) және Бағдад (Ирак) енді.