Ташкент қаласына ТМД-ның жастар астанасы мәртебесі берілді

ташкент
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда Ташкент қаласына «ТМД-ның жастар астанасы» мәртебесін беру салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Оған Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан делегацияларының басшылары қатысты.

Ташкентке ТМД-ның алғашқы жастар астанасы мәртебесін беру шешімі былтыр маусымда Сочиде өткен ТМД елдері Үкімет басшылары қеңесінің отырысында қабылданған болатын.

Бүгінгі салтанатты шараға қатысушыларға ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев құттықтау хатын жолдап, мемлекетаралық байланыстар жетіліп, жаңа жобалар мен бағдарламалар жүзеге аса беретінін атап өтті.

«ТМД-ның жастар астанасы» жобасы достастық елдерінің жастарымен өзара байланысты нығайту, дарынды азматтардың әлеуетін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты жетілдіру мәселелерінде тәжірибе алмасуға бағытталған ірі жобалардың бірі», — деді Сергей Лебедев.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жастар ісі жөніндегі кеңесі хатшылығы басшысының орынбасары Татьяна Ковалева Ташкент хокиматына жаңа мәртебе берілгенін айғақтайтын куәлікті табыс етті.

Айта кетейік, 2025 жылы Әзербайжанның Габала қаласы жастар астанасы болады, ал 2026 жылы бұл мәртебе Арменияның Капан қаласына беріледі.

Соңғы жаңалықтар