Ташкентте Алаш арыстарына арналған халықаралық көрме ашылды - шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

алаш
Фото: Uza.uz

Қытай бокс королі Тоқтарбек Таңатқанұлы Алтайдағы ауылына оралды — Ukilialtay

Тоқтарбек
Фото: ukilialtay

 

Қытай бокс патшасы Тоқтарбек Таңатқанұлы ауылына оралды. Ukilialtay сайтында тура осындай тақырыпта ақпарат жарық көрді.

Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында топ жарып 80 келіде алтын медаль қанжығалаған Азия чемпионы, Қытай бокс патшасы Тоқтарбек Таңатқанұлы 10 қазан күні Алтайға оралды.

Ертесі 11 қазан күні Тоқтарбек Таңатқанұлы туған ауылы — Алтай қаласы Алақақ қалашығына барды. Даңқты боксшыға ауылдастары шапан жауып, арт-артынан ат мінгізіп, ерекше қошеметпен қарсы алды, деп жазады Ukilialtay.

Қытайлық БАҚ-та Тоқтарбектің ата-анасы әуежайға келіп, баласын күтіп тұрған видеосы жарияланған.

Сонымен қатар басылымдағы ақпаратта Тоқтарбек туралы «Қытайдың, Шыңжаңның, Алтайдың мақтанышы» деп жазылған.

Сондай-ақ, жазба соңынан «Азия чемпионы Тоқтарбек Таңатқанұлы ауылдастарымен бірге қара жорға биіне басты» деген тақырыптағы боксшының билеп жүрген видеосын да көруге болады.

Айта кетейік, қытайлық қандасымыз Ханчжоудағы Азия ойындарында бокстан 80 келі салмақ дәрежесіндегі финалда филиппиндік Эумир Феликс Марсьяльмен жұдырықтасқан.

Бірінші раундта филиппиндік боксшы Тоқтарбекті нокдаунға жіберіп, бес төреші соған дауыс берді.

Екінші кезеңде Тоқтарбек қарсыласын нокдаунға түсіріп, таразы басын теңестірген. Соңында қорытынды 5:0 есебімен Тоқтарбектің пайдасына шешіліп, өз салмағы бойынша «алтын» медальді жеңіп алған болатын.

Еске сала кетейік, жыл сайынғы Қытайдың «Бокс королі» чемпионатының 2017 жылғы додасы Ханчжоу қаласында өткен еді.

Сол жолы 75 келіге дейінгі салмақтағы кездесулерде бокс шебері Тоқтарбек Таңатқанұлы осы доданың чемпионы Уын Инхаңды ұтып, «король» чемпиондық белдігін жеңіп алған болатын. 

Биыл Қорғастан Еуропаға (Орталық Азияға) бет алған пойыздың саны 6 мыңнан асты — Халық газеті

Қорғас
Фото: kaz.people.cn

 

12 қазан сағат 17:10–да киім, ойыншық, механикалық және электротехникалық бұйымдар, автомобиль бөлшектері және басқа да тауарлармен толығымен жүктелген 55 вагоннан тұратын 2031-інші Қытай-Еуропа пойызы Қорғас теміржол портынан шығып, Польшаның Малашевичына бет алды. Мәліметтерге сәйкес, биыл «Қорғас» теміржол порты арқылы өткен Қытай-Еуропа (Орталық Азия) пойызының саны 6000-нан асқан, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, биылғы жылдан бастап Қорғас теміржол портындағы Қытай-Еуропа (Орталық Азия) арқылы өтетін пойыздардың саны өсе берді және күн сайын өтетін пойыздардың саны 21-ден асқан.

Қытайлық тауарлар Қорғас порты арқылы Орталық Азия мен Еуропаға жол тартуда. Сондай-ақ, қазіргі уақытта қытайлық автомобильдердің бірқатар маркалары Қорғас теміржол порты арқылы Ресей, Қазақстан, Өзбекстан сынды елдерге экспортталады екен.

Ташкентте «Алаштың асыл арыстары» атты халықаралық көрме ашылды — ӨзА

2023 жыл 4 қазан күні Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінде «Алаштың асыл арыстары» атты халықаралық көрме ашылды, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Алаш
Фото: uza.uz/kz

 

Аталған басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, атаулы көрмені Қазақстанның Мемлекеттік орталық музейі және Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейі бірлесіп жасаған.

Халықаралық көрме ағартушы-ғалым, дәрігер, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін, жоғары білім беруді және баспа ісін алғаш ұйымдастырушылардың бірі Халел Досмұхамедовтың 140 жылдығы мен ақын, драматург, аудармашы, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орайластырылған.   

Көрмеге қазақтың біртуар азаматтары Халел Досмұхамедов пен Мағжан Жұмабаевтың өмір жолынан сыр шертер архивтік құжаттармен қатар ұлы тұлғалардың ұстап-тұтынған жеке заттары, кітаптары қойылған. Сонымен қатар, Алашорда қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллиннің жеке кешендері негізінде музейлік заттар мен қатар ақпараттық стенділер көрмеге келушілерге ұсынылған.

«Халықаралық көрмені 2023 жылдың 4-11 қазан күндері аралығында Ташкент қаласындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейіне барып тамашалауға болады» деп жазған ӨзА.

«Қытай-Қазақстан достық тарихы мұражайы» атты маңдайша орнатылды — CNR

достық тарихы
Фото: kazakcnr

 

Қытайдың Қазақстанмен шекаралас Тарбағатай аймағындағы орталық қалада «Қазақстан-Қытай достық тарихы мұражайы» деген маңдайшалық орнатылған.

— Жақында Қытай мен Қазақстанның шекара қорғаныс органдары Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында Қазақстан-Қытай достық тарихы мұражайы маңдайшалығының ашылу рәсімін өткізді, — деп хабарлайды Қытайдың Орталық халық радиосы ақпарат порталы.

Қытайлық дереккөздің мәліметінше, ашылу рәсімінен кейін екі жақтың уәкілдері Қазақстан-Қытай достық тарихы мұражайын экскурсиялаған. Сонымен қатар, шекараны басқаруды күшейту жөнінде кеңес өткізген.

«Екі жақтың шекара қорғаныс бөлімшелері әр аптада дағдылы түрде кездесуге, әр айда бірлесіп сақтану, басқару жұмыстарын ұйымдастыруға, әр жарты жылда тікелей кеңес өткізуге табанды болып, бірлесіп басқару, бірлесіп тізгіндеу жағында бір-біріне өзара қолдау көрсетеді» деп түйіндейді қытайлық басылым.

«Тұран» тобының Түркияға гастролі басталды TRT

Қазақстанның әйгілі «Тұран» этно-фольклорлық музыкалық тобы мен ТР Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Анкара Түрік әлемі музыкалық ансамблі Түркия Республикасының 100 жылдығы мен Түріксой ұйымының 30 жылдығына арналған концерт ұйымдастырды.

Бұл туралы Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

4 қазанда Анкарада Президенттік симфониялық оркестрдің тарихи залында өткен концертке Қазақстанның бұрынғы Мәдениет министрі, «Қазақконцерт» директоры Ақтоты Райымқұлова, Венгрияның Түркиядағы елшісі Виктор Матис, Молдованың Түркиядағы елшісі Дмитрий Кройтор қатысқан.

Концерт қарсаңында сөйлеген сөзінде Ақтоты Райымқұлова Қазақстан халқының Түркияға және бауырлас түрік халқына үлкен сүйіспеншілікпен қарайтынын айтып, екі ел арасында бірлік пен татулық болуын тіледі.

Концертте өнерпаздар Анкараның өнер сүйер қауымына ұзақ жылдар бойы ұмытылмайтын кеш сыйлады. Қазақтың «Гүлдер» би тобының мүшелері де өз билерімен оларға серік болды.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, концерт соңында көрермен өнерпаздарға зор қошемет көрсетіп, ыстық ықылас білдірген.

Айта кетейік, «Тұран» тобы Түркияның көптеген қаласында концерт береді.

Өзбекстан экономикалық өсім бойынша Қазақстан, Қырғызстан мен Түркіменстаннан алда — ӨзА

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдік экономиканың даму болашағы туралы кезекті есебін жариялаған… Экономикалық өсу қарқыны бойынша Өзбекстан Қазақстан, Қырғызстан және Түркіменстаннан алда, Тәжікстаннан сәл ғана төмен, деп жазады ӨзА ақпарат агенттігі .

Басылмының мәліметінше, жалпы Таяу Шығыс пен Орталық Азия өңірі үшін жыл соңында ЖІӨ өсімі небәрі 2 пайызды құрайды, бұл өткен жылғы көрсеткіштің жартысы. 2024 жылы ол аздап — 3,4 пайызға дейін жеделдейді деп күтілуде.

ХВҚ Өзбекстандағы инфляция болжамын да жақсартты. Осылайша, бұрын күтілген 11,8 пайыздың орнына биыл инфляция 10,2 пайызды құраса, келесі жылы 10 пайызға дейін төмендейді, деп болжаған.

Қазақстан Қытайға мұнай экспортын арттырады — Parstoday

 

Қазақстан техникалық инфрақұрылымды дамытып, аяқтау арқылы Қытайға мұнай экспортын арттыруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігінде хабарланды.

Parstoday-дің бұл ақпараты Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевтың пікіріне негізделген.

Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, Қазақстан мұнайының Қытайға транзитін ұлғайту үшін кейбір техникалық шараларды жүзеге асыру, соның ішінде Кеңқияқ-Атырау және Кеңқияқ-Құмқал мұнай құбырларын дамыту қажет. Бұл жобаларды «Қазтранс Ойл» компаниясы әзірлеп, жоспарлап отыр.

Мұнай құбырларын игеру жұмыстары алдағы екі-үш жылда техникалық жағынан аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта қытайлық серіктестер — Қытай ұлттық мұнай корпорациясымен (CNPC) келіссөз белсенді жүріп жатыр.

Техникалық шаралар аяқталғаннан кейін Қытайға мұнай жеткізу көлемін арттыруға болады.

«Қазір Қытай мен Қазақстан арасында индустрияландыру және инвестиция саласында жалпы құны 21 млрд доллардан асатын 52 бірлескен жоба жүзеге асып жатыр» деп түйіндеген ирандық БАҚ. 

Соңғы жаңалықтар