Ташкентте FIFA-ның Орталық Азия елдері бойынша аймақтық кеңсесі ашылады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «2027 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан Әлем чемпионатын өткізу шаралары туралы» қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Құжат Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін U-20 Әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастыруға, Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясы мен Азия футбол конфедерациясының беделді жарыстарын ұйымдастыру шараларын қамтиды.

Қаулыға сәйкес, Ташкенттегі Өзбекстан футбол қауымдастығының ғимаратында FIFA-ның Орталық Азия елдері бойыншааймақтық кеңсесі ашылады.
Оны құру шығындары негізінен FIFA тарапынан бөлінген қаражат есебінен өтеледі, қалғанын Өзбекстан футболын қолдау қоры ұсынады.
Еске сала кетейік, 2027 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан Әлем чемпионатын Өзбекстан мен Әзербайжан бірлесіп өткізбек.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда букмекерлік кеңселердің қызметін насихаттаған 70-ге жуық сайт бұғатталды.