Ташкентте Халықаралық зілзала құрбандарын еске алу күніне арналған конференция өтіп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында 29 сәуір – Халықаралық зілзала құрбандарын еске алу күніне орайластырылған халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі іс-шара орнынан.
2023 жылы 16 наурызда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Халықаралық зілзала құрбандарын еске алу күнін» бекіту туралы бастама көтерген еді.
Осы ұсыныстың негізінде былтыр сәуірде БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 сәуірді «Халықаралық зілзала құрбандарын еске алу күні» деп жариялау туралы қарар қабылдады. Тиісінше, биыл бұл күн алғаш рет Өзбекстан астанасында аталып өтуде.

Іс-шараға әлемнің 25 елінен келген 200-ге тарта делегат қатысып жатыр. Олардың арасында Орталық Азия мемлекеттерінің төтенше жағдайлар министрлері, БҰҰ өкілдері және халықаралық белді ұйымдардың басшылары мен сейсмологтар бар.
Бұл ретте алғаш болып баяндама жасаған Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Ачилбай Раматов зілзаланы ерте болжау бойынша республикада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Ғылыми зерттеулерге сәйкес, ел аумағының 94%-ы сейсмикалық белсенділігі ең жоғары аймақ деп бағаланып отыр. Атап айтқанда, жерлердің 3%-ы – 9 балл, 23%-ы – 8 балл, 28%-ы – 7 балл, ал 35%-ында 6 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал. Сондықтан сейсмология саласын дамытуға аса мән береміз. Осыған байланысты кейінгі 5 жылда онлайн-мониторинг станцияларының саны 7 есе, яғни 35-тен 250-ге дейін көбейді. Жаһандық сейсмологиялық мониторинг жүйесімен интеграция жасау мақсатында Seismo K5 бағдарламасы арқылы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның 50 станциясымен онлайн режимде тікелей дерек алмасу механизмін жолға қойылды, - деді Ачилбай Раматов.
Сондай-ақ іс-шара аясында сарапшылар мен жауапты ведомстволар шетелдік озық тәжірибені негізге ала отырып, ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Конференцияның ресми ашылу салтанатынан кейін қатысушылар бірлескен суретке түсіп, Ташкентте орналасқан жер сілкінісі құрбандарына арналған «Жасорат» («Батылдық») монументіне гүл шоқтарын қойды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Kazakh Tourism мен Өзбекстанның Ұлттық PR-орталығы тарихи меморандумға қол қойғанын жазған едік.