Ташкентте қазақтан шыққан тұңғыш әйел-дәрігер Гүлсім Асфендиярованың мемориалдық кешені ашылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді әйел-дәрігер Гүлсім Асфендиярованың жерленген жері - Ташкентте мемориалдық кешен ашылып, құлпытасы жаңартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Гүлсім Асфендиярова 1880 жылы қараша айында Шымкентте туған. 1901-1908 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі әйелдер медицина институтында білім алған.

Ғалымдардың айтуынша, қазақ қызы Орталық Азиядағы медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Атап айтқанда, дәрігерлер мен мейірбекелерді даярлайтын курс ашты, аурухана және емханаларды құруға ықпал етті.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сонымен қатар ол 1900 жылдардың бас кезінде Орталық Азияда тұңғыш рет кесір тілігі отасын жасап, әйелдерді босандырған, тұңғыш жекеменшік перзентхана ашқан адам.

Гүлсім Асфендиярова белгілі дәрігер Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Зерттеушілер атап өткендей, олар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін құруға негіз болған ілкімді жобалар мен бастамаларды әзірлеген.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бірнеше жылға дейін көпшілікке қазақ қызының мәңгілік тыныш тапқан мекені беймәлім болып келген еді. Кейін Асфендияровтар әулетін зерттеушілер және қайраткерлердің еңбегіне бей-жай қарамайтын өзбекстандықтардың көмегімен Гүлсімнің Ташкент қаласындағы Боткин бейітінде жерленгені анықталды.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Осы уақыттан бастап қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді дәрігер-әйелдің өмірі мен еңбегін зерттеу басталды. Бұл ретте Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі қолдау көрсетіп, отандық ғалымдар көршілес елдің мұрағаттынан Гүлсім Асфердиярова жайлы деректерді жинақтай бастады.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Тиісінше, діни қызметкерлермен кеңесе отырып, тұлғаның бейтін реконструкциялау, мемориалдық кешен салу ісі қолға алынды.

Іс-шараны осы айға орайластыру тегін емес. Тарихшылардың зерттеуіне сай, Гүлсім Асфердиярова қарашада туып, қарашада дүние салған.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Медицина қайраткерін еске алуға Қазақстан мен Өзбекстанның ғалымдары, елшілік пен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің өкілдері қатысты.

Әуелі Гүлсім Асфердиярованың бейітінде құран оқылып, кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде ғылми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Іс-шарада С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Марат Шоранов ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хатын оқып берді.

«Орталық Азияда медицинаны дамытып, балалар мен әйелдер денсаулығын жақсатуға Гүлсім Асфендиярованың қосқан еңбегі өлшеусіз. Атап айтқанда, ол алғаш болып перзентхана ашып, сол кезеңдерде озық деп саналған медициналық тәжірибелерді енгізді. Осының арқасында Г.Асфендиярова көптеген әйелге үміт сыйлады», - делінген министрдің конференция қатысушыларына арнаған хатында.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Тарихшылардың айтуынша, Санжар Асфендияровтың медицина мамандығын таңдауына, оның білікті дәрігер болып қалыптасуына әпкесі ықпал еткен.

«Санжар Асфендияров Санкт-Петербургке барып, әскери университетке оқуға түсуді жоспарлайды. Кейін ол мамандық таңдау бойынша әпкесімен ақылдасып, одан кеңес сұрайды. Осы ретте Гүлсім Асфендиярова інісіне болашағын әскери-дәрігер мамандығымен байланыстыру туралы ұсыныс айтып, оның медицина маманы атануына себепкер болады», - деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бүгінге дейін табылған деректерге сәйкес, Г.Асфендиярова акушерлерді даярлайтын курстар ұйымдастырып, оның бағдарламасын әзірлеген.

«1919 жылы Ташкентте акушер қыздарды даярлайтын курстар ашты. Оның бағдарламасын әзірлеп шықты. Өзі де сол жерде дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісті», - деп мәлім етті тарихшы Алмас Жүнісбай.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Еске алу іс-шарасының соңында Ташкент қаласында ас беріліп, марқұмның рухына құран бағышталды.

Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform
Гүлсім Асфендиярова
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар