Ташкентте мектеп директоры милицияның көзінше оқушыны ұрып-соқты

оқушыны ұрып-соғу
Фото: видеодан кадр

Ташкент қалалық мектепке дейінгі және мектепте білім беру басқармасы мектеп директорының оқушыны ұрып-соғып жатқаны туралы желіде тараған видеоға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Кazinform.

Видеодағы дерекке сүйенсек, Ташкент қаласындағы №217 мектептің 8-сыныбында оқитын екі бала кабинетте төбелесіп қалған. Бірі екіншісінің бетінен жұдырықпен ұрып, жарақаттаған.

Мұны білген мектеп басшылығы оқушыларды директордың кабинетіне шақырған. Мектеп директоры, директордың рухани-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Чилонзор ауданы ішкі істер бөлімінің инспектор-психологі, аға лейтенанттың қатысуымен оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Мектеп басшысы балалардың бірін тәртіпке шақыру барысында оған ұрысып, ұрып-соққан.

Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасарлары, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ІІБ қызметкерлері мен ата-аналардың қатысуымен жиын өткені хабарланды. Қазіргі уақытта осы жағдайды құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

«Құрметті ұстаздар! Оқушыларға күш қолдану, оның ішінде балағаттау, ұрып-соғу педагог этикасына сәйкес келмейтінін және бұл үшін біздің заңнамада жазалау шаралары белгіленгенін тағы бір рет еске саламыз. Мұндай келеңсіз жағдай педагогтің беделіне нұқсан келтіреді», – делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар
telegram