Ташкентте парламентаралық ынтымақтастықтың екінші жаһандық форумы өтті

Өзбекстан астанасында БҰҰ бекіткен Тұрақты даму мақсаттарын орындаудағы парламентаралық ынтымақтастықтың екінші жаһандық форумы өтті, деп хабарлайды Kazinform.

форум
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Аталған іс-шараға Парламентаралық одақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ТМД мен Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеяларының жетекшілері, Орталық Азия елдерінің депутаттары қатысты. Форум барысында мамандар заң шығарушы органдар арасында өзара байланысты нығайту, қойылған мақсаттарға бірлесе қол жеткізу және өзге елдердің тәжірибесін негізге алу мәселелерін талқылады. 

«Ташкентте ұйымдастырылып отырған жаһандық форумның негізгі міндеті – парламентаралық ынтымақтастық аясында Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру. Тұрақты даму мақсаттары БҰҰ-ның сессиясында қабылданған. Оны жалпыға ортақ даму индикаторлары десек болады. Бізде парламентаралық ассамблеялар бар. Солардың шеңберінде Тұрақты даму мақсаттарының орындалуы қандай деңгейде екенін бағамдап жатырмыз. Нақты тоқталғанда, бұл аралық есеп беру және бағытымызды тағы да бір айқындап алу үшін керек», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек. 

форум
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Оның айтуынша, бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жастар ісі, гендірлік теңдік, экология бағыттарында ілгерілеу байқалып отыр. 

«Бұл – Тұрақты даму мақсаттарының орындалуын қадағалауға және күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға негізделген тиімді алаң. Біздің елде заң шығарушы органдардың атқарып жатқан жұмыстары осы мақсаттарды орындауға бағытталған. Тиісінше, ол халықтың әл-ауқатын көтереді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 78-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Тұрақты даму мақсаттарын орындауға басымдық беретінін ерекше атап өткен болатын», - деп тоқталды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина.

Форум қорытындысы бойынша ортақ құжат қабылданды. Оған күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар енгізілді. 

Соңғы жаңалықтар