Ташкентте дүниеге келген ерекше өсімдік Алматыда алғаш рет гүлдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бас ботаникалық бақта Ташкенттік хилокатальпа алғаш рет гүл ашты. 1964 жылы Ташкентте қолдан будандастыру арқылы алынған бұл ерекше өсімдік қызғылт қоңырау тәрізді гүлдерімен және құрғақшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлім етті.
Бас ботаникалық бақтың коллекциясындағы Ташкенттік хилокатальпа (×Chitalpa tashkentensis) биыл алғаш рет гүлдеді. Мамандардың айтуынша, бұл – мол әрі ұзақ уақыт гүлдейтін сәндік өсімдік.
Орталық Азияның климаттық жағдайында хилокатальпаның биіктігі 4–6 метрге дейін жетсе, тәжінің диаметрі 8 метрге дейін жайылады.
Өсімдіктің басты ерекшелігі – ұзындығы 12–20 сантиметр болатын гүлшоғырлары. Гүлдері қызғылт немесе ақ түсті, күлтелерінің жиектері иректелген. Ал гүлдің ортасындағы ерекше өрнек оған өзіндік сән береді.
Бұл өсімдік қалай пайда болған?
Ташкенттік хилокатальпаның тарихы да қызық. Ол табиғатта өздігінен пайда болмаған. 1964 жылы ботаник Николай Русанов Ташкент ботаникалық бағында катальпа (Catalpa bignonioides) мен хилопсис (Chilopsis linearis) өсімдіктерін будандастыру арқылы жаңа гибрид алған.
Жаңа өсімдікке Ташкент қаласының атауымен байланысты атау берілген. Осылайша, хилокатальпа ғылым мен селекцияның нәтижесінде дүниеге келген ерекше сәндік өсімдікке айналды.
Хилокатальпаның тағы бір артықшылығы – ыстық пен құрғақшылыққа төзімділігі. Ол күн сәулесі мол түсетін жерлерде жақсы өседі. Сондықтан Орталық Азияның климаттық жағдайына бейімделген.
Бас ботаникалық бақта бұл өсімдік 2025 жылдан бері ашық топырақтағы гүлді-сәндік өсімдіктердің коллекциялық учаскесінде өсіріліп келеді.
Биыл хилокатальпаның алғаш рет гүл ашуы ботаникалық бақ мамандары үшін қуанышты жаңалық болды. Оның нәзік қызғылт гүлдері бақтың сәнін келтіріп, келушілердің назарын аударды.
Еске сала кетейік, Ертіс орманында сарғылт құндызшөп қайта гүлдеген болатын.