Ташкентте үш елдің министрлері күз бен қыс мезгілдеріндегі су-энергетикалық жүйелерінің жұмысын келісті

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның энергетика министрлері Ташкентте кездесіп, күзгі және қысқы кезеңдердегі су-энергетикалық жүйелерінің жұмысын талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

үш елдің министрлері
Фото: Өзбекстанның Энергетика министрлігі

Жауапты ведомство басшыларының кезекті кездесуіне Қазақстан тарапынан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Өзбекстанның Энергетика министрлігінен мәлім еткендей, кездесуде күзгі және қысқы кезеңдерде елдердің су-энергетикалық жүйелерінің тұрақты қызметін қамтамасыз ету мәселесі қаралып, жұмыс кестесі бекітілді.

үш елдің министрлері
Фото: Өзбекстанның Энергетика министрлігі

Мұнымен бірге тараптар «Қамбарата - 1» гидроэлектростанцияның құрылыс барысын да сөз етті. Бұл ретте су және энергетикалық жүйелердің теңгерімін сақтауға баса мән берілді.

Сондай-ақ, кездесуде министрлер Қырғызстанның Жалал-Абад облысындағы Чаткал өзенінде салынуы мүмкін су электр станциясының жобасын қарады. Бұған дейін аталған аймақта қытайлық «CEEC» компаниясының мамандары алдын ала зерттеу жүргізген болатын.

Кездесу соңында тараптар жұмыс топтарының тұрақты отырысын ұйымдастыру және жобаларды іске асыру үшін «Жол картасын» қабылдауға уағдаласып, бірқатар құжатқа қол қойды.