Ташкенттің мыңдаған тұрғыны Каримовпен қоштасу үшін көшеге шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасының бірнеше мың тұрғыны Ислам Каримовтың денесін әуежайға алып өтетін қаланың орталық көшелерінің бойына шықты, деп хабарлайды ресейлік РБК агенттігі.
Еске сала кетсек, ел билігі Өзбекстан басшысының қайтыс болғанын ресми кеше хабарлаған еді. Ислам Каримовты бүгін Самарқанд қаласына жерлейді.
Бүгін таңертең Ташкенттің орталық көшелерінің екі жағына қолдарына гүл ұстаған қала тұрғындары тізілді. Қозғалыс бөлігіне жақын тұсқа екі қатар полиция қызметкерлері қойылған. Көрші көшелерде көлік қозғалысы тоқтатылған. Сондай-ақ, қалада пойыздардың жүру кестесі де өзгертілген.
Фейсбукте Мурад Назаров атты пайдаланушы осы жерден ұялы телефонына түсірілген видео жариялады. Онда мемлекет басшысының денесін Самарқанд қаласына алып ұшатын ұшаққа алып бара жатқан көліктер кортежін күтіп алған мыңдаған өзбекстандықтарды көруге болады.
